Әлемнің әр түкпірінен: "Мұсылман бойжеткен «жыл адамы» деп танылды"
Әлемнің әр түкпірінен: "Мұсылман бойжеткен «жыл адамы» деп танылды"
9 жыл бұрын 2964

 

Австралияның Жасмин Әбдімәжид есімді бойжеткені Квинсленд штатындағы жастар арасынан қоғамдық істерде бірнеше жыл қатарынан белсенділігімен көзге түсіп, «Жыл адамы – 2015» деп танылды. «Шекара білмейтін жастар» деп аталтын жобаның мақсаты қоғамның тыныс-тіршілігіне оң ықпал ететін жұмыстарға әлеуметтік белсенді буын болып табылатын жастарды кеңінен тартуда жатыр. Бұл жайында 4BC ақпарат көзі хабар таратты. 16 жасынан бастап, белсенділігімен көзге түскен Жасмин қазіргі уақытта мұнай-газ өнеркәсібінде инженер болып жұмыс істеп жүрсе де қоғамдық жұмыстарын тастаған емес.

 

Далай-лама: «Исламды орынсыз қаралауда»

Буддашылардың рухани көсемі Далай-лама жыл сайын АҚШ астанасында өтетін түрлі дін өкілдерінің басы қосылатын айтулы жиында әлемде исламофоиялық жат құбылыстың белең алып тұрғанына алаңдаушылық білдіре келіп, ислам дінін орынсыз қаралау үрдісінің қатерлі сипат алғанына тоқталды. Бұл жайында Time басылымы хабар таратты. Ол әлемде мұсылмандар санының артып келе жатқанын алға тартып, ислам дінін қаралаудың арты жақсылыққа апармайтынын жеткізді.

 

Еуропа ИСИМ-мен күресуге миллиардтаған қаржы бөлетін болды  

Еуродақ бірнеше жылға созылған азамат соғысынан титықтаған Сирия мен Шамда ойларын келгенін істеп, ойран салып жүрген ИСИМ содырларымен күресуге бір млрд еуро қаржы бөлетін болды. Бұл қомақты қаражаттың бір бөлігі Таяу Шығыстағы елдердің экономикасын дамытуға жұмсалады. ЕО-ның шетел істері жөніндегі жоғары лауазымды өкілі Федерики Моргани бұл қадамның тұрақтылығы шайқалған аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын баса айтты.

 

Ұлыбритания әскерінде мұсылмандардың қарасы артып келе жатыр

Британияның қорғаныс министрлігі әскери  күштердің қатарында мұсылмандардың қарасын арттыруға мүдделілік танытып отыр. Бүгінгі таңда Ұлыбританияның құрлық әскерінің сапында бар-жоғы 480 мұсылман сарбазы ғана бар. Бұл көрсеткіш 88,5 мың сарбаздан тұратын жаяу әскердің 0,54 пайызын ғана құрайды екен. 2011 жылғы санақтың нәтижесінен белгілі болғандай, 63 млн халқы бар Британия  тұрғындарының 4,4 пайызын мұсылмандар құрап отыр. Британ қорғаныс министрлігі өз әскерінде осы арақатынасқа сай мұсылмандарды тартуды көздеп отыр.

 

Шенеунік қалыңдықтарға қандай кеңес берді?

«Әйел баласы болашақ жарымен кездескенде макияж жасатып, боянып, сәнденіп келгені дұрыс емес» деп мәлімдеді Әбдірахман әл-Барақ есімді саудиялық шенеунік.

Ол өзінің Твиттер әлеуметтік желісіндегі парақшасында қыздардың боянып алуына байланысты ер-азаматтардың олардың шынайы сұлулығын, табиғи келбетін аңғара алмайтындығын айтады. Ал саудиялық ер-азаматтардың көпшілігі маңызды кездесуді аяқ астынан, күтпеген уақытта ұйымдастырғанды құп көреді, яғни, болашақ жарының қандай да бір сәнмен, бояумен түрін әспеттемей-ақ, шынайы түрде болғанын қалайды. «Осындай шынайы мәндегі кездесудің де маңыздылығы жоғары болады, сонда ер азаматқа шешім қабылдау қиынға соқпайды» дейді шенеунік.

Сондай-ақ, Әбдірахман әл-Барақ «күйеу мен қалыңдықтың үйленер алдындағы кездесулері барынша шынайы әрі қарапайым болса, алда тууы мүмкін келеңсіздіктердің ешбірі де болмайды, шаңырағы шайқалмайды» деп түсіндірді өз ойын. Біздің қосарымыз, макияж да алдаудың бір түрі, ал алдау күнә болып табылады.

 

Малайзия жастарын Валентина күнін мерекелеуден бас тартуға шақырды

Малайзия мұсылмандар жамағатының жетекшілері жастарды жақын қалған, біздің елде де әдетке айналған Васлентин күнін мерекелеуден бас тартуға шақырды. Өйткені, олардың айтуынша, бұл мереке ислам дінінің үкімдеріне қайшы келеді. Осы мақсатта ақпан айының 5-і күні ислами даму департаментінің бастамасымен жастарды батыстан дендеп енген ұлттық ұғым мен дүниетанымға қайшы осынау мерекеден сақтандыруға бағытталған науқан қолға алынды. Бұл шара ақпан айының 14-і күніне дейін созылады. Аталмыш науқан аясында Валентин күнінің теріс ықпалын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл науқанға әлеуметтік желілерді кеңінен пайдалану жағы да ескерілген.

0 пікір
Мұрағат