Әлемге әйгілі түрмедегі азаптау түрлері әлі тыйылған жоқ
|
Бірікке Ұлттар ұйымының адам құқығы жөніндегі өкілі Ник Мельцер АҚШ-тағы әлемге әйгілі Гуантанамо арнайы түрмесіндегі ахуал туралы баяндамасын жария етіпті. БҰҰ өкілінің баяндамасында айтылған дерекке сенсек, аталмыш «концлагерде» тұтқындарды азаптау ісі әлі тоқтамаған. Нақтырақ айтқанда, адам кеңсірігіне, яғни, аузы-мұрнына лықылдатып су жіберіп азаптау (адам тұншығып жатқандай күй кешеді), ұйықтатпай, аштан қатыру, адам айналуға келмейтін әрі бой созып еркін еңсе тіктеуге келмейтін арнайы тар камераға тығу, т.б. азаптар әлі күнге қолданылады. Азаптаудың бұл түрлері Кувейт тумасы, алайда, ұлты пәкістандық Әбдіәзіз Әліні (Гуантанамо тұтқыны) тергеу кезінде тіркелген. Бұл тұрме Пентагонның қарауында. Десе де Пентагон басшылары бұл пайыптауларды теріске шығарып отыр. Дәлірегі, аталған америкалық әскери мекеменің өкілі Бен Сакриссон бұл айыптауларды жоққа шығарып, арнайы мәлімдеме жасады. Айта кететіні, бұрынғы Ақ үй қожайыны Барак Обама сайлау алдындағы халыққа берген уәделерінің бірі Гуантанамоны жабу болатын. Тағы бір айта кететіні, бұл түрмеге кірудің өзі азап. Қатаң шектеу әрі күшейтілген күзет қойылған. Бұған қоса, әскери тұтқындарға арналған аталмыш түрмені жабуға Орталық барлау басқармасы кедергі жасап келген еді. Ал қазіргі АҚШ президенті Дональд Трамп керісінше күштік құрылымдардың бұл әрекетіне қолдау білдіріп отыр.