|
Әлемге әйгілі компания бизнес құрылымын өзгертеді
|
Корпоративті стратегия операциялық шығындарын азайтуға және портфелдің тиімділігін екінші деңгейлі активтерден құтылу есебінен арттыруға бағытталған. Бұл жайында islam.kz порталы CNN ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Швейцариялық Nestle алыбы өзінің бизнес құрылымын түбегейлі өзгертуге кіріседі. Балмұздақ сегменті ұзақ уақыт бойы корпоративтің бет-беделін танытатын бренд ретінде атын шығарып келген еді. Енді бұл сегмент екінші деңгейлі актив ретінде ресми танылды. Ресурстарды басқарудың жаңа стратегиясына байланысты аталмыш компания бұл сегмент өнімдерін нарықтағы маманданған ойыншыға беруге шешім қабылдады. Осылайша неғұрлым өтімді әрі тұрақты тағам өнімдерінің нарығына назар аударады. Nestle басшылығы балмұздақ бизнесіндегі өз үлесін сату жөніндегі келіссөздердің күн тәртібінің алғашқы сатысында екенін растады. Сатып алушы - бұрыннан осы концерннің сауда серіктесі британдық Froneri компаниясы. Häagen-Dazs және Drumstick сияқты жаһандық брендтерді қамтитын мәміленің құны шамамен 1 миллиард швейцар франкіне немесе 1.3 миллиард долларға бағаланады. Оператор ауысқанына қарамастан, Nestle бұл нарықтан толық шықпай, бірлескен кәсіпорын түрінде өзінің үлесін сақтап қалуды жоспарлап отыр. Компанияның жаңадан тағайындалған бас директоры Филипп Навратил енді корпорация күш-жігерін өзінің ең мықты сауда маркаларын қамтитын 4 негізгі бағытқа шоғырландыратынын мәлімдеді. Оларға кофе, кондитерлік өнімдер, ботқа және мұздатылған өнімдер жатады. Балмұздақ шығарудан бас тарту себептерінің бірі - осы индустрияның ерекше қиындықтары болды. Бұл бизнес барлық кезеңдерде аса төмен температураны ұстап тұруға қабілетті бірегей жеткізу тізбегін қажет етеді, сондай-ақ, сұраныстың маусымдық ауытқуына қатты тәуелді. Яғни, балмұздақ тек жаз мезгілінде үлкен сұранысқа ие болады. Ал мамандандырылған Froneri компаниясы мұздатылған десерт саласына бейімделген өндірісінің арқасында бұл брендтің тоқырауына жол бермейді. Осы тұста Nestle компаниясы күллі әлем бойынша жұмыс орындарын қысқартып жатқанын айта кетпекпіз - шамамен 16 мың адам жұмыстан босатылады.