Әлемдегі күллі шіркеу ғибадатқа ең қажетті нәрсесін жоғалту алдында тұр
|
Христиандардың ғибадатында талай ғасырдан бері пайдаланылып келе жатқан ладан көп ұзамай қат (дефицит) тауарға айналатын түрі бар. Таяуда келтірілген дерекке қарағанда, алдағы он бес жыл ішінде ладан түсімі екі есеге кемімек. Ладан дегеніміз не өзі? Ладан Азия мен Африка құрлығындағы тропикалық елдерде өсетін Босбеллия (Boswellia) тұқымына жататын ағаш шайыры. Негізінен Африканың шығысында, Арабияның оңтүстік-батысында және Сокотро аралында өсетін Boswellia sacra ладан ағашынан алынады. Ладанның әлемдік өндірісі бірнеше мың тоннаға жетеді. Ладан ағашының шайыры жабайы табиғатта жиналады. Олардың көп бөлігі Сомали, Жибути, Йемен, Оман және Эфиопия нарығынан табылады. Соңғы жылдары аталған елдерде ладан түсімі азайып кеткен. Ғалымдар ладанның жоғалуына қатысты ықтимал қатердің деңгейін анықтау үшін Африка оңтүстігіндегі 23 өңірдің 21 786 ағашын тексеріп көрген екен. Олардың ішінде 202 ағаштың жылдық (ғұмырлық) сақинасын талдап, артынша компьютерлік үлгісін жасаған. Ладан ағашының болашағын болжау үшін. Нәтижесінде алдағы 15 жыл ішінде ладан ағашының саны 50%-ға кемитіні белгілі болды. Ладан ағашының құруына оны шектен тыс пайдалану (ладан алу үшін) ғана себеп болып отырған жоқ, сонымен қатар, мал және ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланылатын жер үшін ладан ағашының аумағы тарылып барады.