Әлемдегі кедей адамдар қарасы 1990-шы жылдардан бері өзгеріссіз қалған
|
Әлемдегі ең бай адамдардың дәулеті өткен жылы 2 трлн долларға көбейіп, жалпы сомасы 15 трлн долларға жеткен. Бұл жайында islam.kz порталы теңсіздікпен және бай мен кедей арасындағы алшақтықпен күресетін Oxfam халықаралық ұйым келтірген дерекке жөн сілтеген korrespondent.net ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 2023 жылға қарағанда 2024 жылы ауқатты адамдардың капиталы үш есе тез көбейген. Аптасына орташа есеппен алғанда төрт жаңа миллиардер пайда болған. Алдағы он жылда, сарапшылар мен қаржыгерлердің есебінше, триллионерлер дәуірі басталады: осы аралықта кем дегенде бес триллинер пайда болмақ. Ал кедейлік шегінде өмір сүретін адамдар саны 1990 жылдан бері өзгеріссіз қалған: 3,6 млрд адам немесе адамзаттың 44%-ы. 2024 жылы әлемдегі миллиардерлер қатары тағы 204 адаммен толығып, жалпы саны 2769 адамға жеткен. Ал жаһандағы ат төбеліндей ең бай он адамның дәулеті күн сайын орташа есеппен алғанда 100 млн долларға еселенген. Олар, тіпті, бір түнде байлағының 99%-нан айырылса да бәрібір миллионер болып қалатын жағдайы бар. Oxfam сарапшылары миллиардерлердің капиталының басым бөлігін (60%) өздері таппағанын, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық немесе монополия нәтижесінде мұраға алғанын атап өтті. 2023 жылы мұндай адамдардың қарасы алғаш рет бизнестің арқасында байлыққа қол жеткізгендердің санынан асып түсті. Осынау жат құбылысқа алаңдаған Oxfam өкілдері теңсіздікті азайтуға, ресурстарды әділ бөлуге қол жеткізетін экономикалық шешімдер қабылдауға үндеді. Жаһандық экономикалық жүйенің күйрегенін, тек адамзатқа еш қайыры жоқ байлықтың еселеніп өсуіне ғана жол беретін мұндай жүйенің көбесі сөгілмей адамзаттың жартысы кедейлік қамытынан құтыла алмайтынын алға тартып отыр.