|
Әлемде шамамен 340 миллион адам демікпемен ауырады
|
Әлемде шамамен 340 миллион адам демікпемен ауырады, деп хабарлады 24.kz
Олардың төрттен бірі – бала. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі. Ұйым өкілдерінің айтуы бойынша демікпе – әлемде жұқпалы емес аурулардың ең кең таралған түрлерінің бірі. Қазір бұл дертпен қалай күресуге болады? Оны ерте анықтаудың қандай әдістері бар?
АҚШ-та балалардағы демікпені ерте анықтайтын сынама әзірленді
Демікпені ерте анықтау әсіресе сәбилерде өте қиын. Бұл ретте америкалық Питтсбург университетінің мамандары балалардағы демікпенің түрлерін анықтауға арналған инвазиясыз, яғни денені зақымдамайтын сынама тест әзірледі. Ол үшін баланың мұрын қуысынан сұйықтық алынып, иммундық жасушалардың бар-жоғын анықтайтын талдау жүргізілген. Жаңа зерттеу жұмысына 400 бала мен жасөспірім қатысты. Нәтижесінде мұрын тіндеріндегі сегіз геннің белсенділігін бағалау арқылы демікпенің нақты түрін жоғары дәлдікпен анықтап, дұрыс ем таңдауға болатыны дәлелденді. Дегенмен, бұл бірегей тестті медициналық тәжірибеге кеңінен енгізу туралы айтуға әлі ерте. Өйткені, клиникалық сынама жұмыстары әлі жалғасады. Ғалымдардың айтуына қарағанда бұл жаңалық болашақта денсаулыққа қауіпті бронхоскопия процедурасынан бас тартуға мүмкіндік береді.
Ресей ғалымдары балалардағы демікпені ерте анықтайтын бірегей құрылғы ойлап тапты
Ал Ресей ғалымдары 6 жасқа дейінгі балаларда демікпені ерте анықтауға арналған бірегей құрылғы жасап жатыр. Ол тыныс алу дыбыстарын тіркейтін регистратор. Құрылғы сыртқа шыққан ауаның дыбыс толқындарын тіркеп, олардың тербелісін өлшейді және бұл деректерді кескінге айналдырады.
Зерттеушілердің айтуына қарағанда, бұл нәрестелік кезеңнен бастап тыныс алу бұзылыстарын объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ресейлік ғалымдар тағы бір диагностикалық құрал – капилляроскоп жасады. Ол арқылы оттегінің ең ұсақ қантамырлар арқылы қанға қаншалықты тиімді жеткізілетінін бағалауға болады. Себебі, бронх өткізгіштігінің бұзылуы ағзаның оттегімен қамтамасыз етілуіне тікелей әсер етеді, ал капилляроскоп демікпенің алғашқы белгілері пайда болмай тұрып-ақ оның даму қаупін анықтауға көмектеседі.
Демікпе – толық жазылмайтын дерт
Әлемде демікпені көбіне қан мен зәрдің жалпы талдауы, қақырықты микроскопиялық тексеру, кеуде қуысының рентгені немесе КТ көмегімен анықтайды. Диагноз қойылғаннан кейін дәстүрлі емдеу әдістері – дәрі-дәрмек пен ингалятор қолданылады. Олар қабынуды азайтады, бірақ, ауыр ұстамалардың алдын ала алмайды. Жиі асқынулар тыныс жолдарының тыртықтанып, тарылуына алып келуі мүмкін.
«Демікпе толық жазылмайтын дерт, дегенмен дұрыс еммен және өмір салтымен адамның өмір сүру сапасы толық қалпына келеді», – дейді дәрігерлер.