Әлемде қару саудасы қарқын алып барады
|
Соңғы 5 жыл мұғдарында, яғни, 2013-2017 жылдар аралығында әлемде қару саудасы 10%-ға артып кеткен. Бұл жайында Стокголмдегі әлемдік проблемаларды зерттеу институтының есебінде айтылған. Қару-жарақ саудасының қарқын алуына соңғы жылдары әлемде орын алған түрлі саяси шиеленістер мен қарулы қақтығыстар түрткі болып отыр. Қару экспорттайтын алғашқы бестік құрамына АҚШ, Ресей, Франция, Гемания және Қытай кірген. Бұл аталған мемлекеттер әлемдегі қару экспортының 74 пайызына ие болған. Бұл салада көш бастаған АҚШ-тың бір өзі әлемдік қару экспортының 34 пайызына қол жеткізген. Ад бұл тізімнің соңындағы Қытайдың қару экспорты соңғы бес жыл ішінде 38%-ға артқан. Ал қаруды импорттауда тынышы қашқан Таяу Шығыс алда келеді: соңғы он жыл бедерінде қару импортын екі есеге өсірген. Күллі әлемдегі қару ипортының 32%-ы осы Таяу Шығысқа тән көрсеткіш болып отыр. Бұл аймақтағы елдерге қару эспорттауда АҚШ пен Еуропа елдері жетекші орында тұр. Сондай-ақ, соңғы бес жыл ішінде Үндістан қару импорттауды күрт арттырған екен: әлемдегі қару импортының 12%-н құрап отыр. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы да соңғы бес жылда қару импорттауда Үндістаннан кейін екінші орынға табан тіреген.