Әлемде қанша бала жұмыс істеуге мәжбүр
Әлемде қанша бала жұмыс істеуге мәжбүр
6 жыл бұрын 2638 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Бүгінде әлем бойынша орташа есеппен алғанда кәмелет жасына толмаған әрбір оныншы бала жұмысқа жегілуге мәжбүр. Бұл жайында түріктердің Anadolu ақпарат агенттігі Халықаралық еңбек ұйымының “2025 жылға дейін бала еңбегін жою: саясаты және бағдарламасын бағалау» деп аталатын таяуда жарияланған баяндамасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Сөз орайы келгенде шілде айының 12-сі күні Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен бала еңбегімен күресу күні болып белгіленгенін айта кету керек. Аталмыш баяндама осы атаулы күнге орай жасалған болатын. Бұл ахуал өз кезегінде белі қатпай жатып жұмысқа жегілуге мәжбүр болған балалардың шығармашылық және физикалық жағынан жетілуіне кедергі келтіруде. Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары келтірген дерегіне қарағанда, Африка құрлығында орташа есеппен алғанда әрбір бесінші бала, араб елдерінде 35 баланың біреуі, Еуропа мен орта Азияда 25 баланың біреуі, Америкада 19 баланың біреуі, Азия мен Океания аймағында 14 баланың біреуі жұмысқа жегіледі екен. Дәл қазыргі уақытта 5-17 жас аралығындағы 151,6 млн-ға тарта жеткіншек пен жасөспірім жұмысқа жегілген. Олардың жартысы 5-11 жастағылар. 42 млн бала – 12-14 жас аралығындағылар. 37 млн – 15-17 жастағы жасөспірімдер. Баяндамада, сондай-ақ, 2000 жылы әлем бойынша 245,5 млн баланың, 2004 жылы 222,2 млн баланың, 2008 жылы 215,2 млн баланың, 2012 жылы 167,9 млн баланың жұмысқа жегілуге мәжбүр болғаны айтылған. Ал 2025 жылға қарай әлемдегі жұмысқа жегілуге мәжбүр болатын балалардың қарасы 121 млн-ға дейін кемімек. Олардың 52 млн-ы қауіпті әрі зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер құрайды.

0 пікір
Мұрағат