|
Әлемде биометрия технологиясына сұраныс артады
|
Әлемде биометрия технологиясына сұраныс артатынын хабарлады 24.kz
Алдағы 5 жылда оның нарығы 120 миллиард доллардан асуы мүмкін. Қазір бұл көрсеткіш 59 миллиард долларға жуықтаған. Яғни, бұл нарық жылда 15% өсіп тұрады. Mordor Intelligence сарапшылары осылай деп топшылайды. Олардың айтуына қарағанда, ең көп қолданылатын технология бұл - саусақ іздері. Одан соң 26 пайызбен бет-әлпетті тану жүйесі тұр. Үштікке 10%-пен көздің беткі қабығы арқылы тану технологиясы кіреді.
Жалпы биометрия нарығының 40%-і АҚШ-қа тиесілі. Ізінше Еуропа тұр. Үштікті Азия-Тынық мұхиты аймағы сабақтайды. ТМД елдері биометриялық деректерді қолдануға күмәнмен қарайды. Сарапшылар: «бұған ақпараттың жеткіліксіздігі және мұны жеке өмірге қол сұғу ретінде қабылдау себеп», – дейді.
Биометрия алгоритмін күрделендіру керек — сарапшы
Нақты биометрияға қатысты ішкі істер министрлігіне шағым түспеген. Бұның себебін құралдың әлі жаңа болуымен байланыстырады сарапшылар. Сондықтан жаңасының қауіпсіздігін жан-жақты күшейтпесе, кибер ұрылар да қарап жатпасы анық. Бірақ, есесіне елде интернет алаяқтық өршіп тұр. Өткен жылдың 10 айында 22 800-дей дерек тіркелген. 4800-ге жуық іс ашылып, 1425 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал шығыны шашыңа шақ келмейді. 50 млрд теңге көлемінде. Соның тек 3 млрд теңгесі өңделген.
Айбар Олжай, сарапшы: - Бізге биометрияның алгоритмдерін күрделі қылу керек. Мысалы, біз банктің «көзіңізді жұмыңыз, оңға-солға бұрыңыз» деген операцияны біліп алсақ, ол бойынша гиф-фейк жасап, солай көрсету еш қиын емес. Сондықтан банктің биометриялық алгоритмдері кішкене күрделі және белгілі бір шаблонмен жүрмеу керек.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы: - Биометрияның эталонды базасы әлі жоқ. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін соны жасау керек. Біз де үнемі тың шаралар қабылдаймыз. Қаржы алаяқтарымен күресу үшін түрлі шектеу енгіземіз. Банктерге талап қоямыз. Сәйкестендіруді дұрыс өткізу, антифродты қолдану дегендей. Енді жаңа қаржы өнімі немесе қаржы технологиясы пайда болған кезде қауіпсіздік қайта бағалануы тиіс. Мәселен, жеке деректерді қорғау, алаяқтыққа жол бермеу сияқты, жалпы тұтынушыларға қаржылық қызметтер көрсетілгенде қандай тәуекелдерге ұрынуы мүмкін. Бәрі ескерілуі тиіс.
Отандық банктердің 75%-і жасанды интеллектіні қолданады. Бірақ, технологияны енгізу қаржы ұйымдарының мүмкіндігіне тікелей байланысты. Мадина Әбілқасымова негізгі қиындықтарды атап өтті. Бұлар қауқарлы кадрлар, қуатты есептеу құрылғысы және киберқорғау жүйелеріне қомақты инвестиция құю.