Әлемде алғаш рет гангстерлерге арналған мега-түрме ашылды (фото+видео)
|
Салвадорда наурыз айынан бастап ел аумағында өршіп кеткен зорлық-зомбылыққа әрі баскесерлер мен қылмыскерлердің шектен тыс көбейіп кетуіне байланысты төтенше жағдай енгізіледі. Бұл төтенше жағғдайдың қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Осынау күрделі операция аясында он мыңдай адам ұсталып, тұтқындалды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Twitter әлеуметтік желісіндегі Сальвадор президенті Найыб Бүкелдің жазбасына жөн сілтеген news.mail ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Латын Америкасындағы аталған елде қылмыскерлер қолынан қаза тапқандар қарасы күрт өсіп кеткен. Қылмысты ауыздықтау үшін билік Теколука муниципалитетіне қарасты әлемнен оқшауланған жерде ерекше түрме ашты. Бұл түзету мекемесі ел астанасынан бар-жоғы 74 шақырым қашық орналасқан. Бұл түрме Оңтүстік Америка құрлығындағы ең ірі түрме. Жазасын өтеушілер қашып кетпесі үшін соңғы үлгідегі, осы заманғы озық технологиямен жабдықталған. Осылайша қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің айрықша шарасы қолға алынып отыр. Жергілікті жұрт арасында «Мега-түрме», ал ресми түрде «Терроризммен күрес орталығы» деп аталатын бұл түзету мекемесі сегіз корпустен тұрады. Әр корпуста аумағы шамамен 100 шаршы метр болатын 32 камера бар. 40000 адамға шақталған бұл түрмеге әзірге 2000 баскесер орналастырылды. Сөз орайы келгенде айта кету керек, World Prison Brief (күллі әлем бойынша түрме жүйесі туралы тегін ақпаратты онлаин-режимде беретін деректер базасы) Салвадор әлемдегі жазасын өтеушілер саны жағынан алдыңғы орында тұрған ел екенін, дәлірегі, елде 65 мыңның ар жақ, бер жағында тұтқын барын жариялады. Салвадор халқының саны 6,3 млн адамнан сәл асады, осы халық санына шаққанда жазасын өтеуілер қарасы шамамен 2%-ды құрайды.