Әлемде 50 миллион бала атамекенінен жырақта жүр
|
Әлемде сұм соғыстан бас сауғалаған 50 миллион бала үйін тастап, босып жүр. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы ЮНИСЕФ балаларды қорғау қоры мәлімдеді. Соғыс пен кедейшілік әлемнің әр түпкіріндегі жандардың көшіп-қонып, бас сауғалауына түрткі болды. ЮНИСЕФ балаларды қорғау қорының мәліметінше, туған елінен жырақта жүргендердің басым бөлігі – кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектер. Соңғы он жылда олардың саны екі есеге артқан. Халықарылық ұйымды алаңдатқаны да осы. 2015 жылы әлемнің 78 елінде 100 мың бала биліктен баспана сұрап, өтініш жазған көрінеді. Қараусыз жүрген бала қарақшылардың құрығына түсіп, құлдыққа да сатылып жатыр. Қолында құжаты жоқ кейбір жеткіншек құқық қорғау қызметкерлерінен жасырынып күн кешуде. Осындай тағдыр тәлкегіне түскен баланың жартысына жуығы соғыс оты лаулаған Сирия мен Ауғанстаннан шыққан.