Әлем тұрғындарының жартысы таза және қауіпсіз суға қол жеткізе алмайды
Әлем тұрғындарының жартысы таза және қауіпсіз суға қол жеткізе алмайды
3 ай бұрын 926 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Жер бетіндегі шамамен 8 миллиард адамның 4,4 миллиардтан астамы таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Бұл жайында islam.kz порталы Science мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Швейцариялық зерттеушілер компьютерлік моделдеу әдісін пайдалана отырып, әлемнің түрлі елдері мен аймақтарындағы таза суға қол жеткізу мүмкіндігін сараптады. Бұл тараптағы талдау нәтижесінде табысы төмен және орташа елдерде 4,4 миллиардтан астам адамның таза емес су ішетінін көрсетті. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұрынғы дерегінен екі есе асып түседі. Ғалымдар бұл бағыттағы зерттеуде 2016 және 2020 жылдар аралығында жүргізілген табысы төмен және орташа 27 елден 64 723 үй шаруашылығының сауалнама мәліметтерін пайдаланған екен. Сауалнамаға қатысқандардың үйінде немесе аймақта ауызсуға қол жеткізу мүмкіндігінің бар-жоғын және оның химиялық заттармен немесе нәжіспен ластану деңгейін ескерген. Жиналған деректерді сараптауда машиналық оқу алгоритмі пайдаланылды және жаһандық геокеңістіктік деректермен толықтырылды: аймақтық орташа температура, гидрология, топография және халық тығыздығы. Нәтижесінде таза суды ең аз тұтынатын өлкелер мен өңірлерге Сахара шөлінің оңтүстігін жайлаған Африка елдер, Оңтүстік Азия және Шығыс Азия елдері кіретіні белгілі болды. Бұл аймақтардың тұрғындары судың бактериялық және химиялық ластануы, сондай-ақ, инфрақұрылымның жетіспеушілігі секілді себептерге байланысты таза ауызсу игілігін көое алмай отыр. Мысалы, Сахараның оңтүстігіндегі Африкада шамамен 650 миллион адамның үйінде немесе жақын маңда ауызсу жоқ.

0 пікір
Мұрағат