Әлем қауымдастығы Ресейді басқыншы ел ретінде танитын тарихи құжат қабылдады
|
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы «Қырым автономиялық республикасындағы,Севастопол қаласындағы және Украинадағы адам құқығына қатысты ахуал» қарарын қабылдады. Бірден айта кету керек, бұл құжатты 70 мемлекет мақұлдаса, 26 ел қарсылық білдірді, ал қалыс қалғаны – 76 мемлекет. Қарсылық білдірген мемлекеттердің арасында Қазақстан да бар. Аталмыш құжатта айтылғандай, Ресей мен Украина арасында халықаралық қарулы қақтығыс орын алған және «Ресейдің Украинаның бір бөлігін уақытша жаулап алу» деп баға берілген. Бұл құжатта айтылғандай, Ресейдің өз заңдарын «жаулап алынған аумақта» мәжбүрлеп таңуы, Украина азаматтарын ресейлік азаматтыққа мәжбүрлеп көшіру, қырымдықтарды Ресей әскер қатарына шақыруы халықаралық гуманитарлық құқыққа қайшы келеді.
Ресей Қырымға қол салғанымен «қорыта» алар ма екен, олай дейтініміз, бұл құжаттың тарихи мәні бар – қанша уақыт өтсе де Ресейдің заңсыз басып алғанын әйгілейтін құжат болғалы тұр.