Әлем жаңалықтары: Саудиялықтар есімдерін жаппай өзгертіп жатыр
|
Сауд Арабиясында орташа есеппен алғанда әрбір 11-ші тұрғын тиісті орындарға есімін өзгертуге өтініш түсіреді екен. al-Arabiya ақпарат көзінің хабарына қарағанда, бүкіл ел аумағында 130 бөлімшесі бар азаматтық хал-ахуал істерімен айналысатын департамент ай сайын осындай өтінішпен келгендердің 204-ның шағымын қанағаттандырады екен. Есімін өзгерткісі келетіндер арасында бөріктілерге қарағанда өзгелерден ерекше көрінуге құштар ақ жаулықтылардың қарасы көп болып шыққан. Жастар да олардан қалғысы келмейтін көрінеді. Ата-анасы азан шақырып қойған есімін осы заманға лайықтап алғысы келетіндердің саны олардың арасында да көп болып шыққан. Ал мұндай қадамға баратындардың дені өз есімдеріне көңілі тола бермейтін болып шықты. Яғни, өз есімін атаудан қысылатындар да бар.
Кабулде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірбаянын білуге қатысты байқау өтті
Ауғанстан астанасында өткен жұма күні тұңғыш рет Пайғамбарлар падишасы – Мұхаммед Мұстафаның (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) өнегелі өмірі мен өсиетін білуден байқау өтті. Аталмыш шараға қатысты өз ойымен бөліскен Субхануддин студент мұндай жарыстың қажеттілігіне, адамның рухани жетілуіне тигізер ықпалына, тәрбиелік мәніне тоқталды.
Лондонда обадан көз жұмған 3 мың адамның сүйегін қайта қазып алады
Лондонда археологтар XVI-XVIII ғасырларда оба дертінен көз жұмып, Бедрам ауруханасының аумағында жаппай жерленгендердің сүйектерін қазып алуға кірісіп кетті. Олардың барлығының әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан іздеу-сұраусыз көмілген. Қазба жұмыстары "Ливерпуль-Стрит" көшесінде жүргізілуде. Бұл жайында BBC News ақпарат көзі хабар таратты.
Корольдік Бетлем ауруханасының зираты 1569 және 1738 жылдар аралығында пайдаланылған. Архив құжаттарының мәліметінше, мұнда жерленгендердің көпшілігі оба дертінен көз жұмған адамдар екен. Ғалымдар олардың сүйектерін зерттеп, аурудың даму және туындау эволюциясын анықтамақ.
Мұншама адамның сүйегі археологтардың қолына алғаш рет тиіп отыр. Олар енді осы зерттеулердің арқасында Лондонның ортағасырлық қаладан қалайша заманауи мегаполиске айналғанын анықтайтын болады.
Қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан маңда жаңа метро станциясының құрылысы қатар жүріп жатыр. Сондықтан, оған кедергі болмау үшін 60 археолог жұмысты екіге бөлініп жүргізбек. Қазып алынған сүйектер алдымен Лондондағы археологиялық музейге жіберіледі, кейін Эссекс графтығындағы арнайы зиратқа қайта жерленетін болады.
Иордания королі ИСИМ-ді нацизмге теңеді
Иордания королі Абдалла II Страсбургтегі Еуропарламентте сөйлеген сөзінде ИСИМ лаңкестік ұйымының идеологиясын нацизмге теңеді. Монарх ИСИМ идеологиясының жеккөрушілікті насихаттайтынын алға тартып, осындай мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, ол Еуропа жұртшылығын кейінгі кезде, әсіресе, кәрі құрлықта кеңінен етек алған исламофобиямен күресуге үндеді. Егер діни әрі саяси астары қалың осынау жат құбылыспен күресті күшейтпесе, экстремизмге кеңінен жол ашатынын ескертті.
Фергюсон басшысы нәсілшілдігі үшін қызметінен кетті
The New York Times басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Фергюсон қаласының сити-менеджері Джон Шоу құқық қорғау және сот орындары тарапынан нәсілшілдікке жол бергені үшін қызметінен кетті. Оның алдында қалалық сот төрағасы Рональд Брокмаер де қызметімен қош айтысты. АҚШ-тың әділет министрлігі полицияны реформалау қажеттілігін тілге тиек етті. Естеріңізде болса, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында Фергюсон қаласында 18 жастағы қара нәсілді Майкл Браунды атып тастаған Даррен Уилсон есімді тәртіп сақшысын ақтап шығарғаны үшін шаһарда тәртіпсіздіктер орын алған болатын. Аталмыш қаланың 65 пайызын қара нәсілділер құрайды. Үстііміздегі жылдың наурыз айының 8-і күні Ақ үй қожайыны Барак Обама АҚШ-та нәсілшілдіктің әлі күнге толық жойылып бітпегенін мәлімдеген еді.
Дания Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын пән ретінде енгізбекші
Дания белсенділері мектеп мұғалімдерін Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың карикатурасын пән ретінде оқушыларға үйретіп, Charlie Hebdo сатиралық журналына шабуыл жасағандар жайлы мәлімет беруге шақырды, деп хабарлайдыBnews.kz.
"Charlie Hebdo журналы тілшілерінің өлтірілуі мен 14 ақпанда Копенгагенде болған лаңкестіктен кейін туындаған наразылықтар оқушылар арасында талқыланып, тарихтың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс", - дейді Дания консервативтік халықтық партиясының өкілі Маи Меркадо.
Ал оқытушылар кәсіподағының өкілі Андерс Бондо Кристенсеннің айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстарын мектепте емес, мұсылман оқушылардың ата-аналарымен жеке жүргізу керек.
Еске сала кетсек, осы жылдың 7 қаңтарында қаруланған лаңкестер Париждегі сатиралық журналдың кеңсесіне басып кіріп, 12 адамды өлтірген болатын.
Бұған себеп – журнал мамандарының Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың карикатурасын басып шығаруы еді. Мұндай карикатуралар ең алғаш 2005 жылдың қыркүйегінде даниялық Jyllands-Posten газетінде жарияланған. Іле-шала суреттерді Еуропаның көптеген мемлекеті көшіріп басты.
Осыдан кейін әлемнің түкпір-түкпірінде мұсылмандар жаппай наразылық шараларын ұйымдастырып, қала көшелеріне шықты. Исламда Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың суретін салуға түбегейлі тыйым салынған.