Әлем халқының жартысына жуығы кедейлік шегінде өмір сүреді
Әлем халқының жартысына жуығы кедейлік шегінде өмір сүреді
6 жыл бұрын 4043 azattyq.org

Әлемде кедейлік деңгейін төмендетуде нәтиже бар болғанымен, әлем халқының жартысына жуығы күніне 5,5 долларға күнелтеді. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің (ДБ) 17 қазан - Дүниежүзілік кедейлікпен күрес күні жариялаған есебінде айтылады. Дүниежүзілік банк есебінше, кедейліктің төменгі шегінде (бір адамның күніне 1,9 доллардан аз ақшаға өмір сүруі) өмір сүретіндер үлесі соңғы жылдары азая бастағанымен, дамыған елдердегі кедей халықтың үлесі артып келеді.

Екі жылда бір жарияланатын есепте банк кедейшілік мәселесін тереңірек зерттеп, қай елдерде бұл мәселенің қандай деңгейде екеніне назар аударған.

Баяндамада әлемде кедейлік шегінде өмір сүретіндер саны "тым жоғары" екені және экономикалық өсім табысы "аймақтар мен елдер арасында әділетті түрде бөлінбейтіні" айтылады.

Соңғы жылдары әлемдік экономикада өсім баяу болғанына қарамастан, 2013-2015 жылдар аралығында әлемде кедейлік шегінде өмір сүретіндер саны 68 миллион адамға азайған. Бұл - Таиланд немесе Ұлыбритания халқының санына тең.

Дүниежүзілік банк кедейлікпен күресте алға ілгерілеу бар болғанымен, 2030 жылға дейін кедейліктің төменгі шегінде өмір сүретіндер санын әлем халқының үш пайызына дейін азайту мақсатын орындау мүмкін емесін айтады.

Әлемде күніне 5,5 долларға күнелтетіндер саны 1990 жылғы 67 пайыздан 2015 жылы 46 пайызға азайған. Дүниежүзілік банк өткен айда ең төменгі кедейлік шегінде өмір сүретіндер үлесі 2015 жылы 10 пайызға азайғанын хабарлаған.

Қытайда соңғы жылдардағы экономикалық өсімге байланысты Шығыс Азия мен Тынық мұхиты аймағы елдерінде кедейлік деңгейі 60 пайыздан 35 пайызға дейін азайған. Алайда, Дүниежүзілік банк аймақтағы экономикалық өсім баяулай бастағандықтан болашақта бұл деңгейді ұстап тұру қиындауы ықтимал екенін айтады.

Ал кедейшілік Африканың Сахара аймағындағы елдерде мықтап орныққан. Бұл аймақта халықтың 84,5 пайызы күніне 5,5 доллардан аз ақшаға өмір сүреді.

1998 жылы әлемдегі халықтың 60 пайызы табысы аз елдерде өмір сүрген болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш тоғыз пайызға азайған.

Тәжікстан банктері борышкер мүлкін сотсыз алу құқығына ие болды

Тәжікстан парламенті 17 қазанда "Жылжымайтын мүлікті кепілге қою туралы" заң қабылдады. Заңға енгізілген жаңа өзгертулерге сәйкес, енді банктер мен несие мекемелері борышкер мүлкін сотсыз алып қоя алады.

Заң жобасын парламентте таныстырған Тәжікстан Ұлттық банкінің төрағасы Жамшед Нұрмұхаммадзоданың айтуынша, енді борышкерлер мүлкі интернеттегі электрондық базаға шығарылып, мүлікті сату процедурасы жеңілдейді.

Заңға енгізілген түзетулерге сай, несие беруші борышкер мүлкін сотсыз сатып, өз ақшасын қайтара алады.

Тәжікстан парламенті төменгі палатасының спикері Шукуржон Зухуровтың мәлімдеуінше, Тәжікстанда банк саласы екі жылдан бері дағдарыста тұр. Жаңа заң осы саладағы мәселелерді шешуге көмектеседі.

2015 жылдан бері Тәжікстанда бірнеше банк қаржы дағдарысына тап болып, салымшыларының қарызын төлеп бере алай отыр.

CNN: Ресей ядролық бункерлерін жаңартқан

Ресей Калининград облысындағы ядролық қару қоймаларын модернизациялады. Бұл туралы CNN ImageSat International жекеменшік компаниясының спутниктен түсірілген бейнелеріне сілтеме жасап хабарлады.

CNN 19 шілде мен 1 қазан аралығында түсірілді делінген суреттерді жариялады. Ол суреттерден Приморск қаласы маңындағы 40 бункерде жаңалау жұмыстары жүргізілгенін байқауға болады. Мұнда Ресейдің Балтық теңізіндегі үлкендігі жөнінен екінші ірі порты орналасқан.

Телеарна журналистері Калининградтан солтүстікке қарай орналасқан "Чкаловск" әскери базасында да құрылыс жұмыстары жүргізілгенін айтады. Таяуда мұнда Балтық флоты әскери авиациясының ұшақтары жеткізілген. Олар Черняховск қаласында уақытша орналасқан. CNN мәліметінше, ресейлік әскерилер Черняховскіге "Искандер" зымыран кешенін жөнелткен.

АҚШ-тың Еуропа мен Африкадағы әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Джеймс Фогго CNN-мен әңгімесінде Ресейдің Калининград облысындағы әскери әлеуетін күшейтуі НАТО-ға тежеу бола алмайтынын мәлімдеді. Ресей жағы телеарна таратқан ақпараттарға әзірге комментарий берген жоқ.

НАТО былтыр Литва, Лавтия, Эстония және Польшаға жедел әрекет ететін төрт мың сарбазын ротациямен орналастырған. Ресеймен қақтығыс бола қалған жағдайда бұл жедел әрекет ету күштері негізгі әскер келіп жеткенге дейін жауға тойтарыс бере тұрады.

Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап алған соң НАТО Шығыс Еуропадағы әскери әлеуетін біршама күшейткен.

0 пікір
Мұрағат