Әлем халқының 40%-ы су тапшылығына тап болып отыр
Әлем халқының 40%-ы су тапшылығына тап болып отыр
5 ай бұрын 429 24.kz

Су тапшылығы – төрткүл дүниеге ортақ мәселе. Қазірдің өзінде әлем халқының 40%-іне су жетіспейді. Ал жер шарындағы  табиғи апаттардың 90%-і суды ысырап етумен байланысты. Бұл – БҰҰ дерегі. Бұл туралы 24.kz телеарнасы хабарлады.

Мамандардың айтуынша, елдің экологиялық жағдайы мен ұлттың әлеуметтік әл-ауқаты суды орынды тұтынуға тәуелді.

«Сондықтан тіршілік нәрін тиімді басқаруға көңіл бөлу керек», – дейді ұйым өкілдері.

Су тапшылығы жылдан-жылға артып отырған қазіргі заманда көптеген ел су ресурстарын басқару саясатын өзгертіп, осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтіп жатыр.

Әлем бойынша тіршілік нәрін ең көп тұтынатын Қытай – соның бірі. Көрші мемлекет соңғы жылдары су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға арналған жобаларды жүзеге асырып келеді. Ел аумағында гидротехникалық нысандар салынып, су ресурстарын басқару жүйелері жетілдіріліп жатыр. Мәселен, 2022 жылы су қорғау жобаларына шамамен 140 миллиард доллар инвестиция тартылды. Бұдан бөлек, билік өкілдері тіршілік нәрінің тазалығы мен су айдындарындағы экожүйені қорғауға да ерекше көңіл бөліп отыр. Ел билігі сондай-ақ трансшекаралық су бассейндерін бірлесіп басқаруға бағытталған халықаралық жобаларда да белсенділік танытып келеді.

Үндістанда да осыған ұқсас жағдай. Мемлекет су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша ауқымды бағдарламалар қабылдаған. Үнемшілдік мақсатында егістік алқаптарында тамшылатып суару әдісі кеңінен қолданыла бастаған. Ал ірі мегаполистерде лас суды тазартуға арналған заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Айта кетейік, бүгінде Үндістанның біраз өңірінде халықты сумен қамту мәселесі өте өткір. Осыған байланысты елді мекендерде инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қолға алынған.

Су ресурстарының тапшылығы қарулы қақтығыстарға әкеп соғуы мүмкін. Әсіресе, Африка елдері арасында. Бұл туралы Юнесконың 2024 жылғы баяндамасында айтылады.

Ұйым өкілдерінің сөзінше, қара құрлық аумағында орналасқан тұщы су ресурстарының үштен екісі трансшекаралық саналады. Бірақ, елдер арасында ортақ ресурсты бірлесіп басқару туралы уағдаластық жоқ. Картаға енгізілген 106 су қорының бүгінде тек жетеуі бойынша ғана мемлекетаралық ынтымақтастық туралы келісім жасалған. Жалпы бүгінде әлем халқының шамамен 40%-і трансшекаралық өзен мен көл бассейндерінде өмір сүреді. Бірақ мемлекеттердің тек бестен бірі ғана ортақ ресурсты бірлесіп басқару туралы келісім жасасқан.

 

0 пікір
Мұрағат