ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ЦИФРЛЫҚ ВАЛЮТА ЕНГІЗЕ БАСТАДЫ
ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ЦИФРЛЫҚ ВАЛЮТА ЕНГІЗЕ БАСТАДЫ
11 ай бұрын 1194 24.kz Мерей Мұратханқызы

Жалпы қазір сөздік қолданысымызда электрондық және цифрлық валюта деген ұғым бар. Екеуіне ортақ сипат, екеуі де материалдық емес ақшаға жатады. Ең басты айырмашылығы, электрондық валютаны қағаз ақша қылып шығарып алуға болады. Ал цифрлық валютаның ешқашан физикалық формасы болмайды. Бұл туралы Хабар24 ақпарат көзі мәлім етеді. 

Ресейде цифрлық рубль енгізіле бастайды

Ресейде кейбір әлеуметтік төлемдер үшін цифрлық рубль қолданыла бастайды. Бұл қаражаттың тиісті мақсатқа сай жұмсалғанын қадағалауға мүмкіндік береді. Мәселен, балалар жәрдемақысы тәрбие немесе білім алуға бағытталуы керек. Бірақ, көп жағдайда ресейліктер бұл ақшаны несиесін жабуға немесе басқа мұқтаждықтарын өтеуге жұмсап қояды екен. Мамандар: «бір цифрлық рубль бір қағаз рубльдің құнына тең болады», - дейді. Сандық ақша Ресейдің Орталық банкінің цифрлық әмияндарында сақталады.

«Әрине, мемлекет қандай да бір әлеуметтік қолдау көрсеткенде, азаматтар мен заңды тұлғалар жәрдемақыны өз мақсатына сай жұмсағанын қалайды. Бірақ қазіргі жағдайда ол ақшаның қайда, қалай жұмсалғанын қадағалау мүмкін емес. Ал цифрлық рубль енгізілсе, жәрдемақыны жұмсау барысы ашық көрініп тұрады» – Александр Шендерюк-Жидков, Ресей Федерация кеңесі бюджет және қаржы нарығы комитеті төрағасының орынбасары.  

Цифрлық рубльден салық алынады

Сонымен қатар Ресейде жаңа Салық кодексі қабылданды. Ондағы бір өзгеріс, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап цифрлық рубльден де салық ұсталады. Қазір цифрлық рубльді сынақтан өткізу бағдарламасына 13 банк тартылған. Биыл олардың санын 30-ға жеткізу көзделген.  

Үндістанда цифрлық валюта енгізіледі   

Үндістан цифрлық валютаны 1 сәуірде енгізеді. Бұл туралы елдің қаржы министрі Нирмала Ситараман мәлімдеген. Үндістанда қаржылық жыл 1 сәуірден бастап есептеледі. Мамандар: «цифрлық рупия цифрлық экономиканы дамытуға жаңаша серпін бермек», - дейді.

«Цифрлық рупия валютаны басқарудың тиімді әрі арзан жүйесін қалыптастырады. Цифрлық ақшаны блокчейн және басқа технологиялардың көмегімен енгіземіз» – Нирмала Ситараман, Үндістанның Қаржы министрі.

Индонезия да биыл ұлттық цифрлық валютасын сынақтан өткізе бастамақ. Бұл елдің де ақшасы рупия деп аталады.  

Еуропа цифрлық еуроға көшуге дайын

Еуропа цифрлық еуроға көшуге дайын. Осы мақсатта Еуропалық орталық банк еуроның цифрлық нұсқасын жасауға көмектесу үшін жеке сектордағы серіктестерге 1 миллиард 200 миллион еуро төлеуге дайын екенін жеткізді. Олар бұл ақшаға сандық еуроға арналған бағдарлама және алаяқтардан қорғайтын жүйе жасауы керек.

Ал АҚШ-тың Қаржы министрлігі цифрлық долларды енгізу бойынша жұмыс тобын құрғалы жатыр. Бірақ, Конгресс цифрлық ақшаға қарсы. Олар Федералдық резерв жүйесіне цифрлық валюта жасауға тыйым салатын заң жобасын әзірлеп қойған. Өйткені, америкалық конгресмендер цифрлық доллар арқылы тыңшылық күшеюі мүмкін деп қауіптенеді.

ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕНІ ҚАЛАЙ ҚОЛДАНАМЫЗ?

2025 жылы елде цифрлық теңге қолданысқа енеді, деп хабарлайды 24KZ.

Қазірдің өзінде арнайы платформаның бірінші кезеңі іске қосылды. Былтыр қараша айында ұлттық валютаның жаңа нысаны айналымға қосылған. Оның пайдасы қандай? Берері не?

Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізуді 2021 жылы қолға алған. Кезең-кезеңімен атқарылған жұмыстың нәтижесін көпшілік келесі жылы көреді. Бір ескеретіні, цифрлық теңге – жаңа валюта емес, криптовалюта да емес, тек жаңа төлем құралы.

Айгерім Бабағалиева, ҚР ҰБ Ұлттық төлем корпорациясы Цифрлық теңге басқармасының бас сарапшысы: - Цифрлық теңгені енгізудің бірінші кезеңі 2023 жылы аяқталды. Цифрлық теңгемен алғашқы транзакция жүргізілді және алғашқы тесттер өткізілді. Енгізу жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. 3 кезеңде және 2025 жылдың соңына қарай енгізуді аяқтау жоспарланып отыр.

Әлемде 10 мемлекет цифрлық валюта қолданады. Тағы 15-і сынақтан өткізіп жатыр. Олардың қатарында біз де бармыз. Цифрлық эволюцияның жаңа қадамы барынша пысықталып келеді. Күзде фокус-топ қатысушылары цифрлық теңгенің көмегімен 2000 транзакция жасады. Сынаққа елдегі 4 банк қатысқан. Олар клиенттеріне арнап, цифрлық шот ашты. Соның көмегімен сауда, ақша аударымдары жасалды. Бастысы, төлем әлемнің түкпір-түкпірінде қолжетімді. Сандық валюталар шетел банкіне түскен бойда ұлттық жүйеден өшіріліп, сол мемлекеттің валютасы ретінде пайдаланылады. Демек курсты автоматты түрде анықтайтын жүйе қарастырылған. Бұған интернеттің қажеті жоқ.

Руслан Қоңырбаев, Төлем технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы: - Цифрлық валютаның желіге байланбағаны қуантады. Сіздің смартфоныңызда токендер мен қолтаңбаңыз сақталса болды, тау шыңында жүріп те төлем жасай аласыз. Бұл – цифрлық теңгенің артықшылығы.

Ең бастысы – қауіпсіздік. Яғни, цифрлық теңге блокчейнге енгізіліп, ақша қатаң бақылауға алынады. Бұл өз кезегінде көлеңкелі экономиканың жолын кесуге көмектеседі. Қарапайым халық үшін де тиімді.

Айгерім Бабағалиева, ҚР ҰБ Ұлттық төлем корпорациясы Цифрлық теңге басқармасының бас сарапшысы: - Бұл ретте ЦТ мемлекеттің кепілдігіне ие, жоғалған жағдайда қалпына келтірілуі мүмкін, офлайн-төлемдерді жасау мүмкіндігі бар, сондай-ақ бағдарламаланудың жоғары деңгейіне ие. ЦТ платформасында ҚҚС төлеуден бастап краудфандингке дейінгі бірқатар процестерді автоматтандыруға мүмкіндік беретін өзін-өзі орындайтын келісімшарттар жасауға болады.

Иә, келесі жылы көпшілік цифрлық теңгені қолдана бастайды. Бірақ, таңдау еркі өзіңізде. 

0 пікір
Мұрағат