Әлем бойынша халал индустриясы тұрақты даму даңғылына түсіп келеді
|
Америкалық Renub Research зерттеу компаниясы күллі әлем бойынша халал индустриясының жай-күйіне шолу жасап, даму қарқыны мен динамикасын зерделеген екен. Бұл жайында islam.kz порталы islamnews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, 2027 жылға қарай шариғат талаптарына сай әзірленген тағам өнімдерінің нарығы 11%-ға өседі. Сарапшылардың топшылауынша, халал индустриясы әлемнің барлық түкпірінде жер-көкті жайлап, жолындағысын жайпаған жұқпалы індетке байланысты қолға алынған шектеу шараларына қарамастан тұрақты дамып келеді. Бұған ең алдымен әлемде мұсылмандар қарасының жылдан жылға көбейіп келе жатқаны әсер етіп отыр. Соның ішінде аймақтар бойынша алсақ, халал өнімдерді тұтыну көрсеткіші ең жоғары аймақ – Оңтүстік-шығыс Азия. Өйткені, бұл аймақта әлемдегі мұсылмандардың үлесі 62%-ды құрайды. Renub Research мамандары атап өткендей, халал өнімдер тек мұсылмандар арасында ғана емес, сонымен қатар, наным-сенімі бөлек тұрғындар арасында танымалдығы артып келеді. Дегенмен халал азық-түлік нарығында негізінен жергілікті өндірушілер үлесі көп, алайда, олар аймағына қарай ерекшеленеді. Бұдан бөлек, әлемге әйгілі компаниялар да халал нарығының болашағының жарқы екеніне сенім білдіріп, инвестиция құя бастаған. Сондай компаниялардың бірі – әлемге танымал Nestlé компаниясы жануар майы мен құрғақ сүтті араластырмай кондитердік өнімдер өндіретін Чембонгедегі кәсіпорынға бір миллион ринггит (малайлардың ұлттық валютасы. Бұл соманы долларға шаққанда 240 мың доллар) қаржы құйып отыр. Аталған кәсіпорыннан шығарылған өнімдердің үштен бірі жергілікті тұтынушыларға кетеді, қалғаны өзге елдерге экспортталады.