Ағылшын алпауыттары араб еліне ағылып жатыр
|
Соңғы он жылда Дубайға Ұлыбританиядан 1500-ге тарта миллионер келіп қоныстанған. Биыл бұл көрсеткіш тағы 250 ауқатты адаммен толығуы мүмкін. Бұл жайында islam.kz порталы күллі әлем бойынша капиталдың қозғалысын бақылайтын New World Wealth ұйымының есебінде келтірілген дерекке сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осылайша аталған араб елі осы заманғы озық технологияларды өмірдің көптеген саласында батыл қолданысқа енгізу арқылы әрі экономикасын мейлінше әртараптандыру және заңнамасын ырықтандыру бағытында еуропалық дәулеті шалқыған байлардың екінші отанына айналды. Дубай капиталы кем дегенде бір миллион долларынан асатын британдық байлар үшін ғаламшардағы ең танымал үшінші орынға айнаған. Осы орайда 2022 жылы Әмірліктерге 5200 ауқатты адам қоныс аударғанын айта кету керек, бұл рекордтық көрсеткіш. Henley Private компаниясының сарапшылары 2023 жылдың соңына қарай БАӘ-ге тағы 4500 миллионер қоныс аударатынын болжап отыр. New World Wealth зерттеу бөлімінің жетекшісі Ендриу Амоилс британдық миллионерлерді араб елінің әртараптандырылған экономикасы, соның ішінде қаржылық қызметтер, мұнай мен газ, жылжымайтын мүлік пен технология, саяхат және туризм саласы қызықтыратынын алға тартып отыр. БАӘ, сонымен қатар, Бермуд аралдары мен Монакомен бірге әлемдегі ең бәсекеге қабілетті салық мөлшерлемесіне ие ел. Бұдан бөлек, қылмыс деңгейіннің төмендігі мен барлық жағдай жасалған жағажайлар да қалтасы қалың ауқаттылардың қоныс аударуына себеп болуда. Дубайдан басқа бай британдықтар Парижге, Монакоға, Амстердамға және Сиднейге де жиі қоныс аударады. Henley & Partners баяндамасында айтылғандай, Дубайда алдағы он жылда центимиллионерлер деп аталатын, капиталы 100 миллион доллардан асатын ауқаттылар қарасы айтарлықтай өседі. Қазіргі уақытта 15 миллиардер мен 210 центимиллионер Дубайды түпкілікті мекені ретінде таңдаған. Қазіргі уақытта Дубай бұл тараптағы көрсеткіш бойынша әлемде 16-шы орында және 65 центииллионер мен 9 миллиардер тұратын Саудия астанасынынан оқ бойы озық тұр. Нью-Йорк мегаполисі әдеттегіше 775 центимиллионермен көш бастап тұр, одан кейін Сан-Франциско (692 центимиллионер) және Лос-Анджелес (504) келеді.