Ағашты тамызық етіп, көмір жағып, экологияға залал келтірген тұрғын қалай жазаланды
|
Полшаның Краков соты үйіндегі пешке ағашты тамазық ретінде пайдаланып, көмір жаққаны үшін айыпталған жергілікті тұрғынды жауапкершілікке тартып, жаза тағайындады. Краков қалалық полицияның баспасөз хатшысы Марек Анелдің айтуынша, қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін ол бір айға бас бостандығы шектеліп, 20 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегіледі. Күйе мен ысқа қарсы қарар талаптарын бұзғандарды бұдан былай осындай жаза күтіп тұрғанын хабарлады «Поляк радиосы» ақпарат көзі. Өрт қауіпсіздігі инспеция қызметкері тексерісі кезінде ұсталған жергілікті тұрғынның 2019 жылдың қыркүйек айының 1-нен бастап Краков қаласы аумағында от жағу үшін қатты отындарды пайдалануға салынған тыйымнан хабары бар ма, жоқ па, ол жағы беймәлім. Десе де бұл тыйым пеш пен каминде қатты отын түрлерін жағуға ғана қатысты емес, сонымен қатар, қоғамдық тамақтандыру орындарында да, қақтап пісіретін тағам түрлерін дайындауда пайдалануға да тыйым салынған. Жылыту қондырғыларында тек табиғи газ бен жеңіл мазутты ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Аталмыш ереже талаптарын бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері 5 мың злотты (поляктардың ұлттық валютасы – ред.) немесе шамамен 1300 долларды құрайды.