Адам тағдырын тәлкек еткен лас технология...
|
Әлі шаңы сейілмеген Шри-Ланкідегі жарылысты әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар оның алдында Жаңа Зеландияның Крайстчер қаласында орын алған терактімен байланыстырыпты. Ол ол ма, Шри-Ланкідегі терактіні Шам мен Сирия жерінде ойран салған содырлар өздерін насихаттап қалудың құралына айналдырған болатын. Шындығында, күні батуға тақап қалған Шам мен Сирия жерінде ойран салған содырларға бұл терактінің еш қатысы жоқ. Терроризм қаупі толық сейілмесе де әлем бойынша лаңкестік әрекеттің қатері әлі де жоғары. Тіпті, жылдан жылға қанатын кеңге жайып барады. Еуропадан Азияға ойысқанын Жаңа Зеландия мен Шри-Ланкідегі терактілер растайды. Крайстчердегі құрбан болғандар санын бірнеше есе орайтын, яғни, 359 адамды жер жастандырған Шри-Ланкідегі теракті арқылы лаңкестер қарызға батып, Үнді мұхитындағы стратегиялық нысанын - Хамбантота айлағын қытайлардың бақылауына беруге мәжбүр болған аталмыш елдің ең осал тұсынан, яғни, негізгі табыс көзіне айналған туризм саласына соққы берді. Осының алдында ғана, қарт тарих үшін қас-қағым сәт бұрын - 2009 жылы табаны күректей 26 жылға созылған сепаратистермен арадағы соғыстан кейін енді ес жиып келе жатқан ел осылайша тағы бір ауыр соққының астында қалды. Шри-Ланкі халқының оннан бірін құрайтын осы елдегі азшылықты құрайтын мұсылмандар мен буддашылар арасындағы қақтығыс пен жанжалдың ақыры осындай қасіретке ұласты. Олай дейтініміз, Шри-Ланкінің шығыс провинциясында шоғырланған мұсылмандар арасында Саудия мен Парсы шығанағы елдері тарапынан қаржыландыралатын уахабшылар көптеп кездеседі. Кезінде АҚШ-тың орталық барлау басқармасының сценариі бойынша КСРО ықпалына қарсы пайда болған уахабшылдық бүгінгі таңда осы заманғы әлемдегі күллі терроризмнің идеологиясына айналған. Әуел баста мұсылман үмбеті арасында жік салу үшін батыстың саяси технологтары сыналатып кіргізген жат идеология ойламаған жерден бас көтеретін індет секілді бүгінгі таңда лаңкестік әрекет арқылы көрініс тауып отыр. Исі мұслманға қарсы батыстың крест жорығы әлі тоқтаған жоқ.