Әбу-Даби билігі 12 мыңнан аса азаматына 5 млрд долларға тегін көмек көрсетті
|
Әбу-Даби билігі өз азаматтарына 18,3 миллиард дирхам (бес млрд доллар) мөлшерінде қаражат бөлді. Аталған елдің құрылғанына 47 жыл толу құрметіне байланысты. Бұл жайында The National ақпарат көзі хабар таратты. Бұл қомақты қаражат тұрғындардың баспана сатып алуына, несиесін төлеуге, жер телімін сатып алуға жұмсалады. Нақтырақ айтқанда, бұл қаражаттың игілігін 12 мыңнан аса азамат көре алады. Әбу-Дабидің тақ мұрагері Мұхаммед бен Заид әл Нахайян мұндай қадам әлеуметтік тұрақтылыққа және азаматтардың жағдайын жақсарту бағытында жасалып отырғанын мәлім етті. Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық күні желтоқсан айының 2-сі күні мерекеленеді. Тарихқа сәл шегініс: 1972 жылы Әбу-Дабидің жетекшілігімен алты әмірлік арасында тәуелсіз мемлекет құру туралы келісім бекітілген болатын.