80 елдің өкілдері Газа секторын қалпына келтіру жайын талқылайды
|
Палестинаның ұлттық бірлік үкіметі үстіміздегі жылдың қазан айының 12-і күні Мысыр астанасында өтетін Газа секторын қалпына келтіруге қатысты жиынға 80-нен аса елден делегат шақырды. Бұл жайында Middle East Monitor ақпарат көзі хабар таратты. Палестина премьер-министірінің орынбасары Мұхаммед Мұстафаның хабарлауынша, Палестина билігі Газа секторын қалпына келтірудің бес жылға арналған, үш кезеңнен тұратын стратегиялық жоспарымен осы жиында таныстырады. Сондай-ақ, ол жиынға шаақырылған елдердің Израил басқыншылығынан қираған Газа секторындағы инфрақұрылымды қалпына келтіруге қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз ететініне сенім артып отыр. Екі айға жуық, дәлірегі, 51 күнге созылған Израилдің әскери жорығынан 100 мыңнан аса адам баспанасынан айырылғанын, өнеркәсіп орындары мен әлеуметтік әрі стратегиялық маңызы зор нысандардың бүлінгенін айта келіп, ауыл шаруашылық саласының 550 млн доллар сомасында зиян шеккенін жайып салды. Ал өнеркәсіп саласындағы шығын бұл көрсеткіштен жоғары екенін – 1 млрд доллар шамасында екенін тілге тиек етті. Израил басқыншылығы басталмай тұрғанда жұмыссыздық днеңгейі 39 пайызды құраса, жөйттердің әскери операциясынан кейін бұл көрсеткіш 55 пайызға жеткен. Газа секторын қалпына келтіру үшін 7,5 млрд доллар қаражат қажет.