5 МЫҢ ПАЛЕСТИНАЛЫҚ ИЗРАИЛЬ ТҮРМЕЛЕРІНДЕ ОТЫР
5 МЫҢ ПАЛЕСТИНАЛЫҚ ИЗРАИЛЬ ТҮРМЕЛЕРІНДЕ ОТЫР
2 жыл бұрын 1080 24.kz Авторы: Ернат Мелсұлы

Газа секторында сотталғандарға арналған «дата» бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы күні Израиль түрмелерінде отырған палестиналықтардың туыстары мен белсенділер шеруге шығып, еврей билігінен мыңдаған адамды бостандыққа шығаруды талап етті.

Газа секторының тұрғындары Сотталғандар күнін 1979 жылдан бері атап өтеді. Қазір Израиль түрмелерінде 5 мың палестиналық отыр. Олардың арасында 180 бала, 30 әйел, 500 мемлекеттік қызметші, 1800 науқас және 18 журналист бар. Бұл ақпаратты Газа секторының Сотталғандар және түрмеде отырып шыққандар министрлігі таратты.

Наджат есімді мына әйелдің ұлы 1992 жылы 17 жасында ұсталған.

Наджат Әл-Аға, жергілікті тұрғын: - Мына аналардың аянышты халіне қараңдаршы. Менің ұлым өмірінің соңғы 31 жылын Израиль түрмесінде өткізіп жатыр. Оның ортамызға оралғанын қалаймыз. Баламды көруге бізге тыйым салынған. Осы аралықта ұлымның әкесі мен бауырлары қайтыс болды. Сол қазаны да өз аузымызбен естірте алмадық. Мұндай қасіретті ешкімнің басына бермесін!

Израиль билігі сотталған палестиналықтарға қатысты жазаны уақыт өткен сайын күшейтіп жатыр. Соңғы өзгерістер бойынша, түрмеде отырғандарды өлім жазасына кесуге болады және оларға медициналық көмек көрсетуге тыйым салынған.

Нашат Әл-Уаһиди, Сотталғандар ісі жөніндегі комиссияның ресми өкілі: - Израиль басқыншылығы басталған сәттен бастап ең көп қақтығыс палестиналық тұтқындардың құқықтарын бұзуға байланысты туындап келеді. Израиль билігі қысымды күшейткеннің үстіне күшейтіп жатыр. Түрмедегі палестиналықтардың жағдайы өте ауыр.

Жыл сайын мыңнан астам палестиналық мемлекеттік қызметші сотсыз-тергеусіз бірнеше айға немесе жылға түрмеге жабылады. Олар жалғыз адамдық камераға қамалады және аяусыз азапталады, - дейді құқық қорғаушы белсенділер. 

 

0 пікір
Мұрағат