26 жасқа дейінгі 2 млн-ға тарта жасқа жеке табыс салығы салынбайтын болды
26 жасқа дейінгі 2 млн-ға тарта жасқа жеке табыс салығы салынбайтын болды
5 жыл бұрын 2582 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Поляк билігі жастардың жалақасын көтеріп, олардың тұрмысын түзеп алуына жағдай жасаудың жолын тапқан сыңайлы. 2019 жылдың тамыз айының 1-нен бастап, елдегі 26 жасқа дейінгі жастар жеке табыс салығынан босатылады. Бұл жайында аталған елдің министрлер кеңесінің сайтында айтылған. Полша бұл бастаманы қолданып отырған алғашқы ел емес. Бұған дейін Франция, Чехия, Белгияда жастар жеке табыс салығынан босатылған. Полша аталған елдерден үлгі алып, осындай қадамға барып отыр. Сөз орайы келгенде айта кету керек, жастарға мұндай жеңілдікті елдің премьер-министрі Метеуша Моравецко Еуропарламенттегі мамыр айында өткен сайлау науқанында уәдет еткен болатын. Жеке табыс салығы ұсталмайтындықтан жастар жоғары жалақы алатын болады. Поляк билігінің келтірген дерегіне қарағанда, мұндай салық екі млн-ға тарта жасқа салынбайды. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, жеке табыс салығы жылдық табысы 85,5 мың злоттан (поляктардың ұлттық валютасы - ред.), яғни, шамамен 22 мың доллардан аспайтындарға салынбайды. Егер жылдық табысы 85 528 злоттан асса, жеке табыс салығы аталған табыстың артығына ғана салынады. Яғни, 85,5 злотқа дейінгі (межеге) дейінгі табысқа емес, содан асқан сомаға ғана салынады. 2019 жылдың тамыз айынан желтоқсан айына дейін салық жинаушылар 26 жасқа дейінгілерден жеке табыс салығын олар тиісті мәселе бойынша өтінішін берген жағдайда ғана ұстамайды. Мұндай өтінішті жұмыс берушіге де тапсыруы тиіс. Егер мұндай өтініш берілмесе, жыл соңына дейін жеке табыс салығы ұсталынатын болады. Десе де өндіріліп алынған қаражат 2020 жылдың бас кезінде жұмыс беруші табыс туралы декларацияны тапсырғанда қызметкерге қайтарылатын болады. Бұл ереже аталған ел аумағында заңды жолмен еңбек етіп жүрген шетелдік жұмысшыларға да қатысты. 2020 жылдың қаңтар айының 1-нен бастап, Полшада 26 жасқа дейінгілерден жеке табыс салығы автоматты түрде алынбайтын болады. Яғни, ол үшін арнайы өтініш жазып жатудың қажеті бола қоймайды. Сөз орайы келгенде айта кету керек, таяуда ғана Италияның билік басындағы «Лига» коалицияның экономикалық мәселелерге жауапты өкілі Армандо Сири  жылдық отбасы табысы 55 мың еуродан аспайтындар үшін жеке табыс салығының мөлшерін 15 пайызға дейін азайтуды ұсынған болатын. Салық мөлшерін кеміту 2020 жылдың бюджетінде нақтыланады. Оның айтуынша, бұл ереже елдегі 20 млн отбасын (40 млн адамды) қамтуы мүмкін. Яғни, ел тұрғындарының үштен екісін. Осылайша 20 млн отбасы 12 млрд еуроны үнемдей алады. 

0 пікір
Мұрағат