2023 ЖЫЛЫ ИСПАНИЯҒА 100 МЛН ТУРИСТ КЕЛУІ МҮМКІН
2023 ЖЫЛЫ ИСПАНИЯҒА 100 МЛН ТУРИСТ КЕЛУІ МҮМКІН
2 жыл бұрын 927 24.kz Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач

Биыл Испанияға 100 млн турист келуі мүмкін. Былтыр бұл көрсеткіш 80 млн-ға жуықтаған.

Статистика агенттігінің мәліметінше, саяхатшылар елге 100 млрд еуроға жуық қаржы қалдырған.

Пандемиядан кейін туризм нарығына жылдам оралған Испания биыл да туристердің жаңа легін қабылдауды бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Испанияның Каталония аумағындағы ауа райы дәл қазіргі уақытта 25 градусты көрсетіп тұр. Теңіздің жағасында қазірден орын жоқ, адам лық толы. Испаниядағы туризмге сұранысты осы көріністен-ақ байқауға болады.

Пандемия кездегі бір жылда небәрі 9 млн саяхатшыны қабылдаған ел биыл бұл санды 11 есеге, яғни, 100 млн туриске жеткізуді көздеп отыр. Бір ғана туристің тәуліктік орташа шығыны 200 еуроға жуықтайды, ал мереке кезінде бұл шығын екі есе артпақ. Өйткені, биыл қара судан бастап мейрамхана, қонақ үй, такси бағасы өткен маусыммен салыстырғанда 30%-ке артты.

Рафа Лопес, Испаниядағы қонақ үй желісінің басшысы: - Қуат көздері, су бағасы соңғы жылдың өзінде екі есеге артты. Сондықтан қонақ үйдің бағасын 20%-ке өсірдік.

Жергілікті тұрғындар саяхатшылардың кесірінен ұшақ билетінен бастап баспана бағасы да үш есеге дейін шарықтап шыға келетінін айтып шағымданып жатыр. Мәселен, туристер үшін танымал Мадрид пен Барселона қалаларында бір тәулігіне бір бөлменің өзін жалдау жоқ дегенде 500 еуроға жетеді, қазірдің өзінде қонақ үйлердің 95%-і бос емес.

Лусия Лопес, Барселона тұрғыны: - Қара судың өзі қымбаттап кетті. 3 ай бұрын 1,5 литрі 1 еуро тұрса, қазір 2 еуроға жетті. Туристер бизнеске жақсы шығар, қарапайым тұрғындар үшін көп шығын. Соларға бола үй де, қызмет түрлері де аспандап кетті.

Статистика агенттігінің мәліметіне сай, былтыр саяхатшылар елге 100 млрд еуроға жуық қаржы қалдырған. Дей тұрғанмен әуежай, теміржол қызметкерлері ереуіл ұйымдастырып, туризмнен түскен пайданы жалақы өсіруге жұмсауды талап етіп жатыр. 

 

0 пікір
Мұрағат