Қытай патшасының сахабалар жайында айтқандары Иран шахы Яздүжәрд қытай патшалығынан көмек сұрап хат жазады. Қытай патшасы Иран елшісіне:
– Билеушілердің жауға қарсы бір-біріне көмектесу керектігін жақсы білемін. Алайда сендерді елдеріңнен қуып шығарғалы жүрген қауым жайында айтып бер маған. Олардың аз, ал өздеріңнің көп екендіктеріңді айттың мана. Меніңше, күш-қуаты аз әскердің сендер сияқты саны да, қуаты да мол елді жеңуі олардың қайырлы, ал сендердің жаман жолда екендіктеріңді көрсетеді, – дейді.
– Қалаған сұрағыңызды қоя беруіңізге болады, – деген елшіге патшаның алғашқы сауалы:
– Олар сөз берсе, берген сөздерінде тұра ма?
– Иә, – деп жауап берді елші.
– Соғыс бастамай тұрып, сендерге қандай ұсыныс жасайды?
– Үш нәрсенің бірін ғана таңдауымызды ұсынады:
- біріншісі, олардың дінін қабылдауымыз керек. Егер осы айтқандарын орындасақ, олармен тең құқыққа ие болатынымызды айтады.
- Екіншісі, бізді сыртқы дұшпандардан қорғағандары үшін жизия деп аталатын салық түрін төлеп тұруымызды сұрайды. Егер мұны да қабылдамасақ, соғысады, – деп ағынан жарылды елші.
– Қолбасшыларына қалай бағынады? – деді патша келесі сұраққа көшіп. Бұл сұраққа парсылардың елшісі:
– Бір жамағат өз дінбасыларына қалай мойынсұнатын болса, олар да дәл солай бағынады.
– Қандай нәрселерді адал қандай нәрселерді арам деп біледі екен?
– Нені адал нені арам санайтындықтарын айттым ғой.
– Өздеріне арам етілген нәрселерді адал немесе керісінше, өздеріне адал етілгендерді арам деп қабылдай ма?
– Жоқ, – деді елші.
Мәселенің байыбына көз жеткізген соң қытай патшасы:
– Адалды арам, арамды адал етпейінше, бұл халықты жеңу мүмкін емес, – деді.
Ақыры қытай патшасы мынадай бір хат жазып елшінің қолына тапсырды:
«Саған басы Мәруге жеткенде соңы әлі Қытайда жүретін қаптаған қалың қолды көмекке жібере аламын және мұны істеуге міндеттімін
деп білемін. Бірақ елшіңнің маған сыр-сипатын айтып берген бұл халық, егер тауды түбірімен жұлып алуды қаласа, олардың бұған күші жетеді. Олар дәл осы бағытынан таймайтын болса, бір-ақ соққымен менің өзімді жеңуі мүмкін. Олай болса, оларды риза қылып, бір келісімге кел. Олар саған тиіспейінше, сен өздігіңнен оларға соқтықпа». (Табәри, Тарих, 2/549).
"Сахабалар салған сара жол". ІІ том.