"Апатқа ұшыратар жеті нәрседен қашыңдар..." (Хадис тағылымы)
"Апатқа ұшыратар жеті нәрседен қашыңдар..." (Хадис тағылымы)
4 жыл бұрын 14359
А. Қасым

Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):

عن أبي هريرة - رضي الله عنه - أن رسول الله - صلى الله عليه وسلم - قال: ((اجتنبوا السبع الموبقات))، .

- Апатқа ұшыратар жеті нәрседен қашыңдар!  – дейді. Сонда сахабалар:

قالوا: يا رسول الله، وما هن؟

- Уа, Расулалла! Олар не нәрселер? – деп сұрайды.

 قال: ((الشرك بالله، والسحر، وقتل النفس التي حرم الله إلا بالحق، وأكل الربا، وأكل مال اليتيم، والتولي يوم الزحف، وقذف المحصنات المؤمنات الغافلات))؛ متفق عليه

Алла елшісі (с.а.у.): 

- Аллаға серік қосу, сиқыр (дуа) жасау, Алла харам еткен жанды (адамды) нақақтан-нақақ өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, соғыс алаңынан қашу, отбасылы әрі арлы, еш нәрседен хабары жоқ әйелге зина жаласын жабу, – деп жеті қатерлі істі сайып өткен екен. («Сахих Бұхари», «Сахих Мүслім»).


Хадисте айтылған жеті апатты күнәларға қысқаша түсіндірме бере кетер болсақ:

  • Аллаға серік қосу (ширк). Ширк дегеніміз, Алла Тағаламен қоса, өзге нәрселерді де құдай санау. Немесе тәңірлік мәселесінде Алладан өзгені ортақ ету. Таухид доктринасының тамырына балта шабатын мұндай сенім Ислам дінінде өте ауыр күнә және өте жаман іс саналады. Құран Кәрімде Жаратушы Иеміз өзге күнәларды кешіретіндігін, бірақ ширкті, яғни, Аллаға серік қосқанды кешірмейтіндігін ашық айтқан.
  • Сиқыр жасау, дуалау. Сиқыр мен дуа – Исламда үлкен күнәлар қатарынан саналған. Ондай істің харамдығы жөнінде ешбір ғалым шүбә келтірмейді.  Сиқыр үйренудің де, үйретудің де харам екендігі бірнеше аят-хадистерде ашық айтылады. Мәселен, Құран Кәрімдегі Харут пен Марут періштелері жөнінде сөз қозғалған аятта: «Ол екі періште: "Біз – сынақпыз. Кәпір болма" деді », - дей келе сиқырдың күпірлікке жетелейтін іс екендігін білдіруде. Осыдан келіп, сиқыр жасау, дуалау істерімен айналысатындарды көпшілік Ислам ғұламалары кәпір санап, оның бұл дүниедегі жазасы өлім деген.
  • Адам өлтіру. Текке, жазықсыз адамның өмірін қию да үлкен күнә. Имам Шәфиғи ондай қылмысты ширктен кейінгі ең үлкен күнә ретінде санаған. Нақақтан-нақақ әдейі адам өлтірудің о дүниелік жазасын айтпағанда, бұ дүниедегі жазасы ретінде шариғат заңы қысас жазасын реттеген. Өйткені, себепсіз адамның жанына қастандық жасау - жеке бас пен қоғамға әкелер зардабы орасан зор. Ешкім ешкімнің өмірін қиюға қақысы жоқ. Жанын алуға, тек сол жанды берген Алла ғана құқылы.
  • Өсім жеу. Өсімқорлық халықтың әлеуетін әлсіретіп, елдің экономикасын құрдымға жетелер іс. Ол - бір топтың байыған үстінен байып, ал басқа бір топтың кедейлене беруіне әкеп соғатын харам іс. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) жоғарыдағы асыл сөзінде өсімнің тілге алынуы бекер емес. Алла Тағала өсім жеушілікті Өзіне және Оның пайғамбарына қарсы соғыс ашқанмен тең санаған. Исламда зина жасау үлкен күнә, бірақ өсім жеу одан да ауыр күнә болып есептеледі. Өсім жеушіліктің ауыр болғаны соншалық, оған жетелер барлық жолдар дінімізде тыйым салынып отырған.
  • Жетімнің малын жеу. Жетім-жесірлерге сүйеу болып, оларға қол ұшын берудің орнына, ешкімі жоқ бейшараны басыну адамгершілік сипаттың өшкендігінің белгісі. Құран Кәрімнің бірнеше жерінде жетімнің малын жемеуге шақырып, ондай істің күнә екендігін білдірген.
  • Соғыс алаңынан қашу. Дұшпанға шабуыл жасайтын сәтте майданнан қашу – сатқындықпен пара-пар саналған. Мұсылман әскерлерінің тағдыры шешілер сәтте майданды тастап бас сауғалап қашу - мұсылман әскерлерін, одан қала берді артындағы мұсылман жұртшылығын қауіп-қатерге ұшырататыны сөзсіз.
  • Ары таза әйелге жала жауып, оны зинамен айыптау. Арлы әйелдерге зина жаласын жабуды Пайғамбарымыз жеті апатқа ұшыратушы қатердің бірі ретінде санап отыр. Өйткені бұл рухани азудың бір сатысы. Арлы мен арсызды айыра алмауға алып келер қатерлі іс. Соның салдарынан әділетсіздік, зұлымдық туады. Ал әділетсіздік пен зұлымдық жайлаған қоғамның ұзаққа бармасы анық.

Осы тұрғыда мына нәрсеге назар аудартқымыз келіп отыр: Алла елшісі жоғарыдағы хадисте аталмыш қатерлерді "істемеңдер" деп тұрған жоқ, "қашыңдар" деп тұр. Бұл дегеніміз, ондай күнәларды істеу былай тұрсын, оған апарар жолдардан ұзақ жүріп, ондай күнәға себепкер болып қалудың өзінен сақтану керек деген сөз. Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) «қашыңдар» деу арқылы аталмыш жеті нәрсенің қаншалықты ауыр қылмыс екендігін ұғындыруда.

Алла баршамызға тауфиқ бергей!

0 пікір