Абдусамат Қасым: "Ашура күнінің біз біле бермейтін сырлары көп..." (Сұхбат)
Абдусамат Қасым: "Ашура күнінің біз біле бермейтін сырлары көп..." (Сұхбат)
10 жыл бұрын 34428

- Құрметті Абдусамат Қасым мырза! Қазір Хижра жыл санауы бойынша Мұхаррам айы екені белгілі. Бұл ай мұсылмандардың Меккеден Мәдина шаһарына қоныс аударғанымен тарихта қалды. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «...Рамазан айынан кейін ораза тұтқың келсе, Мұхаррам айын оразамен өткіз. Шынында, бұл ай – Алланың айы. Бұл айда, бір күн бар. Осы күні Алла тағала кей қауымның тәубесін қабыл етіп қойған болса, кейбір қауымның таубесін осы айда қабыл етеді»,-дейді. Осы ретте Ашура күнінің тарихын айта кетсеңіз?

 - «Ашура» сөзі араб тілінде «ъашара» он санынан шыққан. Мұхаррам айының оныншы күніне сай келгендіктен «Ашура», яғни, "оныншы күн" деген атау берілген. Ашура күнін қасиет тұту сонау жәһили (надандық) дәуірінен бастау алады. 

Ислам келмей тұрғанда да арабтар осы күні ораза ұстайтын. Осы күні Кағбаның жабуын ауыстыратын. Бұған Айша анамыздың мына сөзі дәлел. Айша анамыз былай дейді:

«Исламнан бұрын Құрайыш арабтары Ашура күні ораза ұстайтын. Пайғамбарымыз да сол кездері ораза ұстайтын тұғын. Ол (с.а.у.) Мәдина қаласына қоныс аударғанда өзгелерге де осы күні ораза ұстауды әмір етті. Кейінірек Рамазан оразасы парыз етілгеннен соң Ашура күні ораза ұстамайтын болды. Бұдан соң ол күнде қалағаны ораза ұстады, қаламағаны ұстамады». 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мәдина қаласына хижрет еткеннен кейін, қаланың байырғы тұрғындары Яхуди дініндегілердің де аталмыш күні ауыз бекіткенін көреді. Мұның себебін сұрағанда олар:

"Бұл күні Мұса пайғамбар және Исраил қауымы Перғауынның құлдығынан құтылып, Перғауын және оның ізбасарлары суға тұншықты. Осылайша перғауынның құлдығынан құтқарған Аллаға шүкір етіп, Мұса пайғамбар ораза ұстаған», - деп жауап береді. Сонда Алла Елшісі (с.а.у.): «Біз Мұса пайғамбарға сендерден де жақынырақпыз», – деп сол күні ораза ұстауды мұсылмандарға кеңес етеді. 

Дегенмен, бұл күнге Яһудилер «мейрам» ретінде қарағанмен Пайғамбарымыз ол күні тек ораза ұстауды бұйырды. Сондықтан мұсылмандар Ашура күнін мейрам ретінде санамай, ол күні ауыз бекіткенді жөн көреді. "Сахих Бухари" мен "Сахих Муслимде" келтірілген хадисте сахаба Әбу Мұса Ашғари (р.а.) былай дейді:

«Ашураны Яһудилер қасиет тұтып, бұл күнді мейрам санайтын. Пайғамбарымыз болса бізге: «Сендер ауыздарыңды бекітіңдер!» деді».

- Енді Ашура күнінің қадір-қасиетіне тоқталып өтсеңіз?

- Әзіреті Алиден келген бір хадисте, бір кісі Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Уа Расулаллаһ! Рамазан айынан кейін, қай айда ораза ұстауыма кеңес етесіз»,--деп сұрағанда, Ол (с.а.у.): «Рамазан айынан кейін ораза тұтқың келсе, Мұхаррам айында ораза ұста. Шынында, бұл ай – Алланың айы. Бұл айда бір күн бар. Ол күні Алла тағала кей қауымның тәубесін қабыл еткен. Қалғандардың да тәубесін қабыл етеді»,-деді. 

Сахаба Акрама мен Әзірет Алидің айтуларына қарағанда Адам атамыздың да, Юнус пайғамбардың да тәубесі қабыл етіліп, Алланың кешіріміне қол жеткізген күн - Ашура күні.

Ендеше, осы күні «тәубе» намазын оқып, өткен-кеткен қателіктер үшін және пендешілікпен біліп істеген, білмей істеген күнәларымыз үшін арнайы кешірім тілегеніміз жөн болады. 

Әрине бұл дегеніміз басқа күндері кешірім тілемеу керек, тәубе жасалынбайды деген сөз емес. Дегенмен Пайғамбарымыз айтып кеткендей, осы күннің "күнәнің кешірілу" ерекшелігі бар. Сол себептен істеген күнәсіне іштей өкініп, енді қайталамауға бекініп, тәубе етсе тәубесі қабыл болатын күн. Сондай-ақ, жоғарыда хадисте айтылып өткендей, аталмыш күн - Мұса пайғамбар мен оған ерген Исраил қауымының перғауынның зұлымдығынан құтқарылған күні. Міне осынысымен де бұл күн ерекше.

- Ал енді Ашура күнінде қандай амалдар жасаған дұрыс?

- Ашура күні ең бастысы ораза ұстаған дұрыс болады. Бұл күні ораза ұстаудың сауабы мол. Имам Муслимнен жеткен сахих хадисте Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Ашура күнгі ораза жайында сұрағанда, Ол (с.а.у.): «Одан алдыңғы жылғы жасаған (кіші) күнәлары кешіріледі деп Алладан үміт етемін», – деп жауап берген. 

Сондай-ақ, Сахаба Абдулла ибн Аббастан осы күні ұсталатын ораза жайында сұрағанда Ол (р.а): «Пайғамбарымыздың осы күнгі нәпіл оразаның қадірін өзге күндердегі нәпіл оразалардан артық санайтын...», – деп жауап берді.
Ашура күні ораза ұстау – сүннет. Пайғамбарымыз ораза ұстаған. Тіпті, Рамазан оразасы парыз болмай тұрғанда Ашура күні ораза ұстау уәжіп болған деседі ғалымдарымыз. Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін Ашура күнгі ораза сүннет боп қалады, яғни, сауап үшін істелетін амал ретінде әркім ауыз бекітуге не бекітпеуге ерікті. Бұған байланысты Имам Бұхаридің хадистер жинағында орын алған бір хадисте, сахаба Муғауияның риуаят етуі бойынша, Пайғамбарымыз былай деген екен (с.а.у.): 

«Бұл күн – Ашура күні. Ашура күні Ораза ұстауды Алла тағала сендерге парыз етпеді. Бірақ менің аузым берік. Ораза ұстағысы келген ұстасын, ұстағысы келмеген ұстамасын». 

Сахабалар да осы күні ораза ұстаған. Олар тек өздері ауыз бекітіп қоймай, жас балаларын да осынау сауапты іске баулитын. 
Сонымен қатар, осы күні садақа беріп намаз оқыған да сауапты іс болады. Сахаба Әбу Муса Ашғариден келген бір риуаятта «Бұл күні Алла тағала бір қауымның күнәсін кешкен күн. Ендеше, сендерде осы күні ораза ұстап, нәпіл намаз оқыңдар» делінген. Және де, Амр ибн Ас бір сөзінде: «Ашура күні оразау ұстау - бір жыл бойы ораза ұстаумен тең. Осы күні садақа беру - бір жыл бойы садақа бергенмен тең»,– дегендігі риуаят етіледі.

Алайда, «осы күні ораза ұстасам бір жылға жеткілікті, садақа берсе бір жыл бойы садақа бермесем болады» деген ой қалыптаспау керек. Мұндағы мақсат, осы күні ұсталған ораза мен оқылған намаз және берілген садақаның денгейінің биіктігін білдіру мақсатында салыстырмалы түрде айтылған.

- Ашура оразасына қосып қанша күн ораза ұсталады?

- Мүмкіндік болып жатса Ашура күнімен қосып бір күн алдын және бір күн кейін ораза ұстау - мұстахаб (ұнамды). Дәлірек айтқанда, Мұхаррам айының тоғызы, оны жəне он бірі күндері оразамен өткізу - сауапты.

Өйткені, Имам Ахмет риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз: «Ашура күні ораза ұстаңдар. Яхудилерге ұқсамау үшін алдында бір күн және кейін тағы бір күн тұтыңдар», – деген.

Муслим келтірген сахих хадисте Алла Елшісі (с.а.у.): «Егер келесі Ашура күніне дейін аман болсам, Ашура күнінен өзге оның алдында бір күн, яғни, Мұхаррамның тоғызыншы күні де ораза ұстаймын», – деу арқылы Ашура күніне, тым болмағанда бір күн қосып ораза ұстаудың ұнамды іс екенін айтып кеткен.

Сондықтан мүмкіндігі бар кісілер Тек Ашура күні ғана емес, бір күн алдын не бір күн кейін қосып ораза ұстағандары абзал. Әйтсе де, тек Ашура күні ғана ауыз бекітемін деушілерге мархабат.

- Сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, жұмысыңызға береке тілейміз!

Сұхбаттасқан
Ерболат Айтбайұлы

6 пікір