Рамазанның соңғы он күндігіндеміз...
Рамазанның соңғы он күндігіндеміз...
4 жыл бұрын 5568
А. Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Рамазанның үшінші - соңғы он күндігіне кірдік. Риуаяттарда Рамазанның ақырғы он күндігі – тозақ отынан құтылу болып есептелетіндігі айтылған. Яғни, Алланың мейрімі мен кешіріміне қол жеткізудің соңы – тозақ отынан құтылу болмақ.

Рамазанның соңғы он күндігі – осы қасиетті айдың 20-сы күн батысымен басталып, соңына дейін жалғаспақ. "Күн батысымен басталады..." деуімнің себебі: қамари күнтүзбесінде ертеңгі күн – бір күн алдыңғы күннің батуымен басталады. Сол себепті, Рамазанның 20-ші күні күн батқаннан кейін, ертеңгі - 21-ші күнінің түні басталған болады. Яғни, Рамазанның үшінші он күндігі, Қамари есеп бойынша, 21-нің түнінен басталып отыр деген сөз.

Рамазанның соңғы он күндігінің артықшылығы

Рамазан айының соңғы он күнінің артықшылығы – бұл күндердің түндерін Алла елшісі (с.а.у.) Аллаға мінәжат етіп, құлшылықпен өткізетін. Және бұл он күндікте мың айдан хайырлы саналатын қасиетті түн - «Қадір түні» бар.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм қасиетті айдың осы соңғы он күндігіне аса ыждыхаттылық танытатын болған. Оның (саллалаһу алейһи уә сәлләм) Рамазан айының барлық күнінде құлшылыққа маңыз бергендігі сөзсіз. Бірақ Рамазанның соңғы он күндігінде ғибадатқа көбірек ден қоятын. Өзімен қоймай жанұясын да түндері ғибадатпен өткізуге жетелейтін. Бұған байланысты Айша анамазы (радияллаһу анһа) былай деген:

عَنْ عَائِشَةَ رضي الله عنها قَالَتْ: "كَانَ النبي صلى الله عليه وسلم إِذَا دَخَلَ الْعَشْرُ شَدَّ مِئْزَرَهُ، وَأَحْيَا لَيْلَهُ، وَأَيْقَظَ أَهْلَهُ

«Қашан Рамазанның (соңғы) он күндігі кірсе, Пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «изарын» бекем буатын (изар – белден төмен орайтын орағыш). Түнін (ұйықтамай) құлшылықпен өткізетін. Және жанұясын да тұрғызатын»[1].

Хадистегі «изарын бекем буатын» деген сөздің мәні – Рамазанның соңғы он күнінің түндерін әйелдерінің жанында жатумен өткізбей, өзін ғибадатқа арнайтын дегенді білдіреді. Сондай-ақ, әйелдерін де түнде намазға оятып, олардың да құлшылыққа белсене кірісулерін ұғындыратын.

Ендеше, әрбір мүмін-мұсылман мүмкіндігінше осы қасиетті айдың соңғы он күндігін Аллаға мінәжат етуге арнап, қолдан келгенше нәпсісін жаман әдеттерден арылтып, жүрегін дұрыстыққа баулығаны жөн. Және қайырымды істерге, сауапты істерге ат салысқаны абзал.

Үшінші он күндікте істелінетін амалдар

Рамазан айының үшінші он күндігінде жасалатын амалдардың біршамасын атап өтер болсақ, олар төмендегідей:

1) Қадір түнін іздеу. Яғни, әр түнін «Қадір түні» деп біліп, әйтеуір бірінде Қадір түніне дөп келермін деген оймен, әр түнді ғибадатпен өткізген ұнамды. Өйткені хадисте: «Қадір түнін Рамазанның ақырғы он түнінен іздеңдер» делінеді. Басқа бір сахих хадисте: "Қадір түнін Рамазанның ақырғы он күніндегі тақ күндері іздеңдер" - деп кеңес еткен. Ақырғы он күндерінің түнінде, әсіресе тақ күндері көбірек намаз оқып, ғибадат еткен дұрыс. Мысалы, тәһәжжуд оқымай жүрсеңіз, тәһәжжуд оқыңыз. Бұрын екі рәкәғат оқып жүрген болсаңыз, бұл күндері сегіз рәкәғат тәһәжжуд оқыңыз. Себебі, Қадір түні бәріне белгілі болғандай, түндердің сұлтаны. Ол - ең ұлық түн болып саналады. Ол – өзге түндермен салыстырғанда мың айға татитын түн. Бұл дегеніміз, Қадір түні ғибадат еткен мұсылман 84 жыл бойы ғибадат еткеннің сауабын алады деген сөз. Бүкіл өмірінде жасаған құлшылығы бір басқа да, қадір түнінде ықыласпен орындаған құлшылығы бір басқа. Сондықтан да, Қадір түні Рамазанның 27-сі деп бекітілсе де, соңғы он күннің бірінде болуы ықтимал екендігін де дініміз жоққа шығармайды.

2) Иғтикафқа кіру. Рамазанның соңғы он күнінде иғтикафқа кіру сүннет амалға жатады. Алла елшісі (с.а.у.) Рамазанның соңғы он күндігі кірісімен «иғтикафқа» кіретін. Иғтикаф дегеніміз, белгілі уақыт мешіттен шықпай өзін құлшылыққа арнау дегенді білдіреді. Үкімі - сүннет. (Оның өзіндік талап, шарттары бар).

3) Құранды тиләуәт қылу. Рамазан – Құран айы. Құранды көптеп оқып, ондағы аяты-карималардың мағынасына ақыл жүгіртіп, жүрегі мен көңілі Құранға байланатын ай. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Рамазан айы, сондай бір ай - ол айда Құран түскен...» деп айтқан[2].

Сондықтан да Рамазан айында көп уақытын Құран оқуға арнаған абзал, әсіресе осы соңғы он күнінің түнінде Құран оқып және жаттамаған жаңа сүрелерін жаттап, ал жаттағандарын қайталап, осылайша өзін көптеп Құранға арнағаны жақсы. Кезінде Алланың бұйрығымен Жебірейіл періште (ғалейһиссәләм) Рамазан айының әр күнінде Пайғамбарымызға келіп (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бүкіл уахи етілген Құран сүрелерін Алла елшісіне оқитын. Пайғамбарымыз болса естіп, қайталап отыратын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болар жылы болса, Жебірейіл періште бүкіл Құранды Пайғамбарымызға екі мәрте оқыған. Осыдан келіп, Алла елшісі бақилыққа аттанар уақытының жақындап қалғанын сезген[3]. Және бір ерекшелігі, Пайғамбарымыз бен Жебірейілдің Құран қайталауы - түн уақытында жүзеге асып отырған. Осыдан келіп, Құранды Рамазанның түнінде оқыған пайдалырақ дейді ғалымдар.  Десе де, күндіз де оқудың сауабы көп. Күндіз оқудың да ағаттығы жоқ.

4) Қайыр-садақа беру. Кісінің Рамазан айында Алла ризалығы үшін қайрымдылық жасап, шама-шарқынша садақа беруі сауапты. Әсіресе, осы соңғы он күнінде пітір садақасын бермегендер пітір садақаларын беріп, қосымша нәпіл садақа бергісі келетіндер шамасына қарай нәпіл садақалар беріп, қайырымдылық жасауына мүмкіндік бар. Өйткені бұл айда жасаған әлдебір сауапты іс – өзге айларда жасалған қайырымды істерден бірнеше есе сауаптырақ. «Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) адамдардың ішіндегі ең жомарттысы еді. Рамазан айында мүлдем адамдардың ішіндегі ең қолы ашығы болатын» делінеді хадисте.

5) Зікір-тәспихат айту. Рамазанда тартқан тәспінің де сауабы бөлек. Сол себепті, қол қалт еткенде тәспімізді алып, іштей болсын, дауыстап болсын: сүбханаллаһ, әлхамдулилләһ, лә иләһә иллаллаһ, Аллаһу әкбар деген сияқты таспихаттарды көптеп айтып, Истиғфар келтіргеніміз дұрыс.

Хақ Тағала жасаған құлшылықтарымызды, тұтқан оразаларымызды кем-кетігімен қабыл етсін және Пайғамбарымыз айтқандай, Рамазанның осы соңғы он күнінде барша мүмін-мұсылманды тозақ отынан құтқарсын! Сондай-ақ, мархұм болып кеткен туған-туыстарымыздың бұ дүниеде біліп не білмей жасаған күнәларын Жаратқан кешіріп, оларды осы қасиетті айының құрметіне рахымына бөлесін! Уалхамдулилләһи раббиль аләмин!


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №2024 хадис.
[2] Бақара сүресі, 185 аят.
[3] «Сахих Мүслім». «Сахих Бұхари».

0 пікір