Іш дәретті шариғатта «истинжа» дейді. Истинжа - әжетін өтегеннен кейін екі жолдан шыққан нәжісті дәрет қағаз немесе кесек, яки, су қолдану арқылы тазалауды айтамыз.
Іш дәрет алғанда көпшілік намазхандардың мән бере бермейтін бір маңызды мәселе бар, ол - истибра жасау. Истибра деген, кіші дәрет сындырғаннан соң каналда қалып кеткен қалдықтан арылу амалы. Истибра жасау - ер адамдарға уәжіп. Истибра жасамау қателік. Өкінішке орай, көбі, әсіресе намазды енді бастаған ер кісілер әжетханада дәретін сындыра сала, іш дәретін алып, артынан бірден сырт дәретін алады да, намазын оқиды. Ал сол арада зәрдің қалдықтары шығып кетсе, дәреті бұзылады деген сөз. Дәреті бұзылғаннан соң, намазын дәретсіз оқыған болады. Сондықтан да, истибра мәселесі уәжіп болып бекітілген.
Истибра қалай жасалады?
Истибра амалындағы басты мақсат - каналда қалып қойған зәр қалдығының шыққандығына сенімді болу. Сол мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай тәсілдер ұсынылады:
1) Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, ер адамдар кіші дәрет сындырғаннан кейін, бірден тұрып кетпей, екі-үш минуттай кідіріп, артынан жөтеліп, сосын сол қолымен жыныс мүшесінің бас жағынан төменге қарай үш рет қимылдатып, артынан қағазбен сүртіп не сумен жуып тазалану. Егер осыдан кейін каналдағы қалдықтан арылғанына сенімді болса, сырт дәрет ала береді.
2) Немесе кіші дәрет сындырғаннан кейін жыныс мүшесінің бас жағына қағаз қойып (бірақ ішіне тығып емес), кейін әжетханадан шығады да, сосын бес-он минуттан кейін әжетханаға қайта оралып, қағазын тастап, іш дәретін алып, артынан сырт дәрет алу. Бұл екі арада өзінің басқа да шаруалары болса істеп немесе отырып яки жатып, не болмаса жүріп келсе болады.
3) Және де мынадай да истибра тәсілі бар: ер адамдар әжетханада зәрін сындырғаннан кейін бір сәт кідіреді де, жөтеліп, мүшесін қозғап, сосын қағазбен сүртіп немесе сумен жуып, шығады. Бірақ бірден сырт дәрет алмай, 10-15 минуттан кейін алады. Оған дейін өзінің басқа да істері болса оларды істеп, сосын қалдық қалмадау дейтіндей уақыт өткеннен соң келіп сырт дәретін алады. (Мұның екіншіден айырмашылығы: алдыңғысында қайта айналып келіп іш дәретін алса, мұнысында бірден іш дәретін алып шығып, кейін біраз уақыттан соң сырт дәретін алады). Осылай да, істеуге болады, бірақ бұл тәсілде мына екі жағдайды қатаң ескеруі тиіс:
- Шыққан қалдық аз ғана тамшы болса, іш дәретін қайта алмай, бірден сырт дәретін ала берсе зияны жоқ. Ал көп мөлшерде тамшы шықса, ол кезде іш дәретін қайта алып, сумен жуып тазалауы тиіс және киімге тиген зәр алақан ойығындай болса (дәлірек айтқанда темір елу теңгенің көлеміндей) сол жерін жуып тазалау керек, не, ауыстыру керек болады.
- Іш киімін жиі ауыстырып жүруі тиіс. Өйткені күнде зәрдің қалдығы тама-тама іш киімге тиген нәжістің көлемі үлкейеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тиген нәжістің көлемі алақан ойығындай көлемге жетсе, намаз саналмайды. Сондықтан да, іш киімді жиі ауыстырып жүрген абзал.
Истибра жасау үкімінің ер адамдарға қатысы бар, әйел адамдарға қатысы жоқ. Әйел кісілер кіші дәреттен кейін, бір сәт кідіріп, артынан іш дәрет ала берсе болады.
Осы тұрғыда айта кетелік, зәр қалдығынан арылу ісі адамға қарай өзгереді. Кей адамдарға бір-екі минут кідіруі жеткілікті болуы мүмкін. Кейбір адамдарда, біраз уақыт жүріп келгенде ғана шығады. Сондықтан да, әркім өз жағдайына қарай қарағаны жөн. Мақсат зәр қалдығынан арылғанына сенімді болу.
Ескеретін тағы бір мәселе, истибра мәселесінде тым қатты күмәнға берілмегені жөн. Қалдық қалмады-ау деген уақыт өткеннен соң сырт дәретін ала бергені дұрыс.
Кейде шайтан осы жөнінен көп күмән салып, бейнебір тамшы шыққандай сезімде қалдырып, адамды мезі етуі мүмкін. Ондайда, күмәнді жою үшін іш киімге су бүрки салғаны абзал. Сонда қайта-қайта дымқылдық сезген жағдайда "шашылған су ғой" деп күмәнін сейілткен болады.
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин.
Абдусамат Қасым