"АХАД" ХАДИСТЕР ЖАЙЫНДА (1-бөлім)
"АХАД" ХАДИСТЕР ЖАЙЫНДА (1-бөлім)
3 жыл бұрын 6610
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Хабарлар (риуаяттар, хадистер) бізге жету жолдарына қарай екі топқа бөлінеді:

  1. Егер хадистің келу жолдары белгілі бір сандармен шектеулі болмаған болса, ол - "мүтәуәтір" хадис.
  2. Егер хадистің келу жолдары белгілі бір санмен шектеулі болса, ол - «ахад» хадис.

Мүтәуәтір хадис –  Келісіп жалған айтулары мүмкін болмайтындай мөлшерде көпшілік тарапынан жеткен хадис. Мүтәуәтір хадис төңірегінде өткен жазбаларымыздың бірінде әңгіме қозғаған едік. Ол жөнінде «Мүтәуәтір хадистер» деген мақаламыздан оқи аласыздар.

Бүгін «Ахад» хадистер жөнінде қысқаша таныстыруды көздеп отырмыз.

АХАД ХАДИС

«Ахад» - тілдік тұрғыда «бір» деген мағаныны білдіреді. Мысалы, «Ахад хабар» (хабәруль уахид) – бір адам жеткізген хабар деген ұғымда. Сонда «Ахад хадис» дегеніміз: жалғыз-жарым риуатшылар тарапынан жеткен хадис түрі.

Ахад хадиске хадис ғалымдары: "Мүтәуәтір хадистің шарттарын ішіне қамтымайтын хадис" деп анықтама береді.

ҮКІМІ

Ахад хадистер «занни» ілімді білдіреді.  

БӨЛІМДЕРІ

Ахад хадистер зерттелетін нысанасы жөнінен екіге бөліп қарастырылады:

  1. Жету жолдарының санына қарай ахад хадистер.
  2. Әлсіз немесе қуаттылығы жөнінен ахад хадистер.

Жету жолдарының мөлшеріне қарай ахад хадистер үш топқа бөлінеді:

  1. Мәшһур. (المشهور)
  2. Ғазиз. ( العزيز)
  3. Ғориб. ( الغريب)  

1). «Мәшһур» хадис дегеніміз - әр табақасында (қабатында немесе буынында) үш не одан көп риуаятшысы болған, алайда, саны «мүтәуәтір» дәрежесіне жетпеген хадис түрі.

(Табақа – хадисті жеткізуші риуаятшы кісілердің жекелеген топтары. Мысалы, хадисті жеткізушілер тізбегіндегі орын алған сахаба буыны өз алдына бір табақа, тәбигин буыны өз алдына бір табақа т.б. Осыны хадис ғылымында «табақа» дейді. Қазақша "қабат" деген сөз. Немесе «буын» деп алсақ та болады).

Демек, бір хадисті «мәшһур» деуіміз үшін хадисті жеткізушілер тізбегіндегі әр буында үш не одан көп риуаятшылары болған болуы тиіс екен.  

Дәрежесі

Дәрежесі тұрғысынан алғанда мүтәуәтір хадистен кейінгі орында «мәшһур» хадистер тұрады. Алайда мұның да «нақтылығы» жөнінен сахих, әлсіз, жалған деген сияқты түрлері болатындығын білген жөн. Егер «сахих» екендігі нақтыланса, мәшһур хадистердің өзге ахад хадистерден мәртебесі жоғары.

2). "Ғазиз" хадис. Ахад хадистердің екінші түрі – ғазиз хадис. Ғазиз - «сирек» деген сөз. (аль-Азиз дейтін Алланың есімімен шатастырмау керек).

Ғазиз хадис деп – хадисті жеткізушілер тізбегіндегі әр табақасында (қабатында, буынында) риуаятшылар саны екіден кем болмаған ахад хадис түрі. Яғни, сахабалар буынында екі риуаятшы, табиғиндер буынында екі риуаятшы, атбағут табиғиндер буынында екі риуаятшы т.б. Осылай әр буында риуаятшылар саны екіден кем болмауы тиіс. Табақалардың бірінде екі риуаятшы болып, қалған буындарда үш-төрт риуаятшылар кездесуі мүмкін, оның зияны жоқ.

3) "Ғариб" хадис.  Ахад хадистің үшінші түрі – «ғариб» хадис. Ғариб - «оңаша», «жалғыз», «жақындарынан алыс қалған» деген ұғымда.

Хадис ғылымындағы анықтамасы: Ғариб хадис - бір ғана риуаятшы тарапынан риуаят етілген хадис түрі.

Ғарибтік - хадистің әр табақасында орын алуы мүмкін немесе табақалардың бірінде ғана орын алуы мүмкін. Яғни, хадисті жеткізушілер тізбегіндегі барлық буынында бір-бір риуаятшыдан ғана болуы мүмкін немесе буындардың бірінде «бір ғана» риуаятшы болып, қалған буындарында бірнеше риуатшылар орын алуы мүмкін, онысы хадистің «ғариб» болу сипатынан шығармайды.

Ғариб хадистер өз ішінде: «Ғарибуль Мутлақ» және «Ғорибун нисби» деп бөлінеді.

Ғарибуль мутлақ – сәнәдтің негізінде, яғни, сахаба буынында риуаятшы саны біреу. Қалған буындарында риуаятшылар саны біреуден көп болған хадис. ("Сәнәд" – хадисті риуаят етушілер тізбегі. «Сәнәдтің негізі» деп, тізбектегі сахаба табақасын айтады, оны «аслус сәнәд» дейді).

Мысалы: «Амалдар – ниетке байланысты» деген хадис бір ғана сахаба тарапынан риуаят етілген, анығырақ айтқанда, Әзіреті Омар ибн әл-Хаттаб тарапынан риуаят етілген. Дегенмен, ол хадистің қалған табақаларында риуаятшылар саны көп. Сахаба табақасында риуаятшы саны біреу ғана болғандықтан бұл хадиске хадис ғылымында «Ғариб әл-Мутлақ» деген сипат беріледі.

Ғариб ән-Нисби. Бұл – сәнәдтің негізінде, яғни, сахаба табақасында бірнеше риуаятшысы болып, кейінгі табақаларда бір ғана риуатшысы болған хадис түрі, соны «ғариб ән-нисби» дейді. Мұны қазақша «Жанама ғарибтік» десек болады. Мысалы, әлдебір хадисті екі сахаба риуаят еткенімен, ол екеуінен бір ғана табиғин жеткізген болуы мүмкін. Соны "жанама ғарибтік" дейді.

Бұнымен қатар, хадис ғалымдары хадистің бұл түрін: «Мәтіні тұрғысынан ғариб» және «сәнәді тұрғысынан ғариб» деп бөлетіндігін де айта кетелік.

Бұл айтылғандар ахад хадистің бізге жету жолдарының саны жөнінен еді. Келесі зерттелетін нысанасы: «Әлсіз немесе қуатты болуы жөнінен ахад хадистер». Оған келесі жазбаларымызда тоқталып өтеміз.

Әлхамдулилләһи раббиль аләмин[1].


[1] Мақала «Тәйсиру Мусталахатиль Хадис» атты хадис кітабы негізінде жазылды. Авторы: Махмұд Тоххан.

0 пікір