Қарғалар ненің хабаршысы?
Қарғалар ненің хабаршысы?
4 жыл бұрын 43334

1. Қарғалар қаншалықты зерек?

Oxford университетінің зерттеу нәтижесінде қарғалар аспаптарды қолдана алатындай зерек екендігі анықталған. Олар эксперимент жасап, эксперимент құралы ретінде жұқа түтікшенің ішіне қорегін салып, қоректі қалай алатынын аңдыпты. Сонда қарға үстөлдің үстінде жатқан жұмсақ сымның бір бөлігін ілгек қылып майыстырып, түтікшенің ішіндегі жейтін затты өзі істеп алған қармақпен қармап алып, қорегіне қол жеткізген екен. Қарғалардан өзге құстардың сол экспериментте жетістікке жете алмағандығын айта кету керек.   

2. Қарға ақылды ма, маймыл ақылды ма?

Бір топ ғалымдардың тоқтамына қарағанда ең ақылды хайуан – маймылдар емес, қарғалар. Мысалы, қарғалар 5-ке дейін санай алады, аш қалғандарында қажет қорегіне қол жеткізу үшін аспап қолдана алады т.б.

3. Қарғалар қанша жыл өмір сүреді?

Көпшілігіміз қарғалар 100 жас, тіпті 200 жас өмір сүреді деп ойлаймыз, алайда бұл қате пікір. Қарғалардың өмір сүру уақыты орташа есеппен 15-20 жыл аралығында. Олар еркіндікте орташа есеппен 13 жыл, ал арнайы қарау кезінде ең көбі 30-40 жасқа дейін өмір сүреді.

4. Қарғалар қауіпті ме?

Қарғалардың адам баласына жау деген пікірді кім шығарса да, көп елдерде оған қатысты неше түрлі негативті аңыз әңгімелер айтылып келді. Негізінде қарғалар адамдармен бірге өмір сүруге қарсы емес. Қайта олар адамдардың барлығын пайдаларына асыруды біледі. Мәселен, бір дәнектің қабығын аша алмаған кезде, қарға ол дәнекті көлік көп жүретін жолға тастап, дәнекті жарады екен. Көліктің жаңғақты жара алатындығына ақылы қалай жетті десеңізші?!

5. Қарғалар аза тұта ма?

Қарғалар аза тұтқанда қандай! Өлу құбылысын түсінетін хайуандардың қатары тым аз екендігі белгілі. Қарғалар болса өлгендерінің артынан аза тұтатын құстар болып табылады. Мысалы, жақындары қайтыс болғанда бірден басы-қасына жиналып, біраз уақыт оның жанынан айырылмай тұрады. Олардың бұл әрекеттері қарғаның неден өлгендігін білуі үшін, ұғыну үшін де болуы мүмкін. Мысалы, қарғаны өлімге итермелеген себеп-салдарды анықтап, қалған қарғаларға да келуі ықтимал қауіп-қатердің алдын алу және өзгелерге ескерту де болуы мүмкін. 

6. Қарға ненің хабаршысы?

Қарға ненің хабаршысы деген сұрақ қарға төңірегінде жиі сұралатын сұрақтардың бірі. Бүгінде көпшіліктің назарында қарға өлімнің және қаралы хабардың нышаны іспетті саналады. Дегенмен, оны жақсылыққа балайтындар да жоқ емес. Мысалы, ескі грек мифологиясында қарғалар өлімсіздікті тәмсіл етуші құс ретінде қабыл етілетіндігін байқауға болады. Оларда қарға құрметке лайық құс. Сондай-ақ, скандинавия мәдениетінде де қарғалар қасиетті құстар қатарынан есептеледі. Олардың сенімінше "Один" құдайының екі қарғасы болған, сондықтан скандинав наным-сенімдерінде қарға киелі құс саналады.

7. Қазақ дүниетанымындағы қарға түсінігі.

Қазақ дүниетанымында қарғаға қатысты қалыптасқан әлдебір наным-сенім жоқтың қасы десек болатын шығар. Мысалы, байқұсты жамандықтың жаршысы ретінде қабыл ететін қазақ халқы, қарғаға келгенде ондай түсініктің халық арасында жоқ екендігін байқауға болады. Тек, ала қарғаны көргенде үлкендер «қар жауады» екен деп болжам жасап жатады. Әйтсе де, бұны ырым ретінде емес, көбінесе тәжірибеден туындаған ауа-райы болжамы іспетті көрген жақсы. Қазақ халқы табиғат құбылыстарына қарап болашақта болар ауа-райын болжап отырған.  

8. Исламда қарға түсінігі

Ислам дінінде де қарғаны киелілік немесе жамандық нышаны ретінде көрмейді. Қасиетті Құран Кәрімде Адам атаның балалары Қабыл мен Әбілдің оқиғасы баян етілгендігі белгілі. Сонда Қабыл қызғаныштан інісі Әбілді өлтіреді. Артынан ісіне өкініп, інісінің жансыз денесін не істейтінін білмейді. Сонда Алла Тағала қарғаға илһам (шабыт) беріп, ол жерді қазып басқа өлі қарғаның денесін сол жерге көмеді. Осылайша Алла Тағала қарға арқылы оған адам қайтыс болған кезде өлі денесін жерлеу керектігін үйретеді. Дегенмен, Исламда бұл оқиғадан қарғаға әлдебір киелілік берілмеген. Керісінше, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадистерінде қарғаны өлтіруге болатындығын айтқан.

Түрік тілінен аударып, толықтырып жазған: А. Қасым

0 пікір