Құдайсыздардың алдануы: Алла жайында алданулары (2 бөлім)
Құдайсыздардың алдануы: Алла жайында алданулары (2 бөлім)
2 жыл бұрын 3625
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Құдайсыздардың Алла жайында алдануларына келер болсақ – олардың кейбірінің өздеріне қатысты өз ауыздарымен айтқан мына сөздерін мысал ретінде алуға болады (олар былай дейді):

«Егер расында да (қиямет күні) Алла Тағала бізді қайта тірілтетін болса, қайта тірілуге өзгелерге қарағанда біз лайығырақпыз» - дейді олар. Алла Тағала осылай деуші құдайсыздар жайында «Кәһф» сүресінде:

«...Тіпті бұны ешқашан жоқ болады деп ойламаймын. Әрі қияметтің болатындығын да ойламаймын. Егер (егер қайта тіріліп) Раббыма қайтарылсам, әрине бұдан да жақсы орын табамын” (дейді)». («Кәһф» сүресі, 35 аят).

Мұндай алдану түрінің төркіні неде?

Бұлай алдануларының төркіні - Ібіліс малғұнның қисынына (логикасына) ұқсас қисында жатыр. Анығырақ айтқанда, олар:

  • Біріншіден, олар Алла Тағаланың осы дүниеде оларға берген ырыс-несібелеріне қарап, ақыреттегі несібелерін соған салыстырады (яғни, Алла Тағала бұ дүниеде қалай нығметке бөлеген болса, о дүниеде де солай нығметке бөлейді деп ойлайды).
  • Екіншіден, Алла Тағаланың оларға берер азабының осы дүниеде кешігуіне қарап (яғни, оларды осы дүниеде азаптамағанына қарап), ақыреттегі азапты соған салыстырады (ақыретте де оларды азаптамайды деп ойлайды). Олай ойлаушы кәпірлер жайында Алла Тағала былай баяндаған: «Құдайсыздар өздері жайында: «Алла Тағала бізді айтқан сөзімізге орай азаптамай ма?!» - дейді. Оларға кіретін тозақ жеткілікті. Ол нендей жаман орын еді!». («Мүжәдәлә», 8 аят). 
  • Үшінші қате қисындары - олар мүмін-мұсылмандардың кедей екендіктеріне қарайды да, мүміндерді төмен санап былай дейді: «Арамыздан Алланың игілік еткен пенделері осы ма?» («Әңъам» сүресі, 53 аят). «Және мүміндер жайында былай айтады: «Егер бұл дінде жақсылық болғанда, олар бізден бұрын мүмін болмас еді (алдымен біз мұсылман болар едік)». («Ахқаф», 11).

Олардың жүректерінде (ақылдарында) түзген логикаларының алғы шарттары мынадай:

«Алла Тағала бізді дүние ырысына бөледі. Барлық игілікке бөлеуші - (игілікке бөлегенін) жақсы көреді. Демек барлық жақсы көруші - жақсылыққа бөлейді». (Яғни, Құдай бізді нығметке бөлегеніне қарағанда, бізді жақсы көреді, бізді жақсы көретіндігіне қарағанда о дүниеде де бізді игілікке бөлейді деп қисын жасайды).

Шын мәнісінде олай емес. Керісінше, Алла Тағала әлдебір пендесін игілікке, байлыққа бөлегенімен, жақсы көрмеуі мүмкін. Тіпті Алланың осы дүниеде игілікке бөлеуі - ол пендені жай-жай құрдымға жетелеуі де болуы мүмкін. Міне осындай логика Алла жайында алданудың айқын көрінісі. Сондықтан да, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у) айтқан:

«Сендердің біреулеріңнің науқасты оны жақсы көргені үшін (оған игілік ойлағаны үшін) ішіп-жеуден қорғағаны сияқты, Алла Тағала да жақсы көрген пендесін дүниеден қорғайды». (яғни, байлық Алланың сүйікті құлы болудың белгісі емес, керісінше кедейлік Алланың сүйікті құлы болудың белгісі болуы мүмкін).

Сол себепті, көкірек көзі ояу парасатты кісілер қашан оларға мал-дүние берілсе, қайғыланады, ал кедейлік берілсе, қуанып: «Ізгі жандардың нышаны қош келдің!» дейді.

Алла Тағала әлгіндей ойлайтын құдайсыздар жайында былай деген:

«Адам егер, оны Раббысы сынап, оған мал сыйлап, несібесін арттырса, ол: «Раббым мені құрмет тұтты!» - дейді». («Фәжр», 15 аят).

Басқа аятында:

«Оларды мал-дүниемен және балалармен қамдағанымызды, оларға ізігілік беруде асығамыз деп айлай ма? Олай емес. Олар, сезбейді». («Мүминун», 55, 56).

Тағы бір аятта:

«Сондай аяттарымызды жасынға айналдырғандарды білмеген жақтан бірте-бірте жоямыз. Және де оларға мұрса беремін. Әрине шараларым да қатаң». («Ағраф», 182, 183.).

 Және Алла Тағала кәпірлерге дүние беруі жайында былай дейді:

«Қашан олар біздің үгітімізді ұмытқан кездерінде, барлық нәрсенің есігін аштық (барлық нығметтің есігін аштық). Кейін олар берілгенге мәз болғандарында, кенеттен оларды қолға алдық, сол уақытта күдерлерін үзді». («Әнғам», 44 аят).

Алла Тағалаға иман еткен иманды кісілер бұндай алданудан аман.

Құдайсыздардың бұлай алдануларының себебі неде?

Құдайсыздардың бұлай алдануларының себебі - Алла Тағала жайында және оның сипаттары жайында білімдері жоқ болуында жатыр. Өйткені, Алланы таныған адам, өзін "Алланың сынағынан дін-аманмын" деп есептемейді. Мүміндер Перғауын, Һәмән және Сәмуд қауымына, Алла мал-дүние берсе де, олардың басына не келгеніне қарап ғибрат алады.

Алла Тағала өзінің азабынан сақтандырған. Алла Тағала Құранның бірнеше жерінде былай деп ескертеді:

«Алланың кәрінен аман боламын деп ойлай ма? Зиянға ұшырайтын қауым ғана Алланың бейнетінен қобалжымайды». («Ағраф», 99).

«Олар тұзақ құрды. Алла да тұзақ құрды. Алла тұзақ құрушылардың ең қайырлысы». («Әли Имран», 54 аят).

«Сен құдайсыз кәпірлерге мәулет бер. Оларды аз бір уақыт өз жайларына қалдыр». («Тариқ», 17 аят).

Ендеше кімге байлық берілген болса, оны құрдымға жетелер қасірет қылып берген болуы мүмкін екенін де ескерсін!

Қазақшалаған Абдусамат Қасым 

 

0 пікір