Қарызға сатқан заттың бағасы қымбаттаса, қосымша ақша сұрауыма бола ма?
Қарызға сатқан заттың бағасы қымбаттаса, қосымша ақша сұрауыма бола ма?
3 жыл бұрын 797

Ассаламуғалейкум! Менің сіздерден сұрайын дегенім: егер автокөлігімді біреуге 2-3 жылда бөліп төлейтіндей етіп қарызға сатсам (рассрочкаға), бірақ уақыт өте келе әлгі көліктің құны бұрынғысынан қымбаттады делік. Сол қымбатшылыққа байланысты автокөлігімді алған адамға айтып, келіскен бағағаның үстіне  қосымша ақша қосуға бола ма? Берік

Уағалейкумуссалам, Берік! Бұл жағдайда сауда бастапқы келісім бойынша қалады. Уақыт өте нарықтағы автокөлік құнының қымбаттағаны үшін қосымша ақша талап етілмейді. Бұл шариғат ғалымдарының басым көпшлігінің тұжырымы. Аталмыш мәселе жайында Ханафи ғалымы әл-Касани (Һижри 587 жылы қайтыс болды) былай дейді: «Берілетін ақша түрі қолданыстан шықпайнша, ол ақша құнының артуы не кемуі  алдыңғы келісімді бұзбайды. Бұл жерде затты қарызға сатып алған кісі ақшаның құнына қарай емес, келісілген мөлшеріне қарай өтейді».[1]  Бұл Имам Әбу Ханифаның (р.а.)тұжырымы.

Ал егер бастапқыда келісілген ақша қолданыстан шыққан болса, келісілген күндегі ақшаның құнын төлейді.  Мысалы, автакөлігіңізді қарызға сатқандағы келісілген валюта егер қолданыстан шығып кеткен болса, бұл жағдайда сол келісілген кездегі құн есептеліп төленуі тиіс.[2]

[1] Доктор Хисамуддин ибн Муса,  Яс-әлунака – 1/147 бет.
[2] Ибн Абидин, Раддуль Мухтар – 7/55 бет.; Ал, Имам Әбу Юсуфтын (р.а.) берген пәтуасы бойынша: келісілген құн артса да, кемісе де не берілетін валюта түрі қолданыстан шықса да, келісім жасасқан уақыттағы бағаны негізге алып, бастапқыдағы құн төленеді.

Абдусамат Қасым