Арапа күні жайында не білесіз?
Арапа күні жайында не білесіз?
4 жыл бұрын 35368

Сәлеметсіз бе?Арапа күні туралы толығырақ айтып бересіз бе? Эльвира.

Ассалямуғалейкум! Арапа күні Ықылас сүресін 1000 рет оқыса, мол сауап болады деп оқыдым. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіздер. Табиғат Тасболатов.

Уағалейкумуссалам! Зүл-хиджә айының 10-жұлдызы – қасиетті Құрбан айт мейрамы басталатын ай. Бұл айдың бастапқы он күні – берекелі күн[1].

Осы он күннің ішінде арнайы қасиет тұтылатын «арапа» күні бар. Арапа күнінің уақыты – зүл-хиджа айының тоғызы, яғни құрбан айттан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды.

"Арапа" сөзінің мағынасы... 

«Арапа» араб тіліндегі "білу", "түсіну" деген мағынаға саятын «ъарафа» етістігінен шыққан. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе  әлде аян ба» деп ойлаған Ол ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен деседі.

Арапа күнінде ұсталатын ораза...

Арафа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі сауапты. Өйткені Сахих Муслимде риуаят етілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у):

«...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін...»

– деп бұл күнгі оразаның маңыздылғын баса айтуда[2]. Тағы бір хадисінде:

«Дұғалардың ең қайырлысы – арап күні жасалған дұға...»

– деген[3].

Ендеше, Зүл-хиджа айының алғашқы он күнінде, оның ішінде арапа күні сауапты амалдарды көптеп орындаған дұрыс.

Біздің елде арапа күні ертесі болатын айт күніне шелпек-бауырсақ пісіріп, дастархан әзірлігі жасалып жатады. Сонымен қоса, бір күн ораза ұстағанда дұрыс болады.

 Арапа күнгі оразаны халыққа хабарласа, 80 жылдық ғибадат сауабы беріле ме? 

Осы тұрғыда, арапа күнгі оразаға қатысты әлеуметтік желілерде таралып жатқан мынадай ақпараттың дінімізде негізі жоқ: «Кім «зүл хижжә» айының алғашқы он күнінде ораза ұстаса, екі жыл құлшылық еткенмен тең. Ал кім ол жайында адамдарға жеткізсе, 80 жыл құлшылық еткенмен тең». Бұл мәлімет - хадис емес. Сол себептен, хадис ретінде таратудан сақ болған жөн. 

Тәкбір-тәшриқ дұғасын айту 

Арапа күні таң намазынан бастап, Құрбан айттың төртінші күні екінтіге дейінгі аралықта әр парыз намазының соңында сәлем бергеннен кейін "тәкбір-тәшриқ" дұғасы айтылады.  Аталмыш дұға тек парыз намаздардан кейін айту керек. Сүннет, үтір және нәпіл намаздардан кейін айтылмайды.

Тәкбір-тәшриқты айту – намаз оқу міндет болған әрбір мұсылманға уәжіп. Өйткені, Алла тағала өзінің қасиетті кітабында: «Санаулы күндері Алланы зікір етіңдер», – деп бұйырған. [Бақара–203 аят.]. Аяттағы "санаулы күндер" дегенді Әзірет Әли арапа күнгі таң намазынан бастап, айттың төртінші күні екінті намазының соңы деп тәпсірлеген. Бұл аралыққа 23 парыз намазы енеді екен.

Тәкбір-тәшриқ дұғасы төмендегідей: 

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллалЛаһу уалЛаһу әкбар. Аллаһу әкбару уә лилЛәһил хамд».

Биыл арапа күні үстіміздегі жылдың (2018 ж.) 20 тамызына сай келеді. 

Тұтқан оразаларыңыз бен оқыған намаздарыңыз және шалған құрбандарыңыз қабыл болсын!  

(Тағы оқыңыз: Шек беру дұрыс па? )

[1] Фәжр сүресі –1-2 аят.
[2] Сахих Муслим, Саум – 1162 хадис. Имам Науауи шархы.
[3] Тирмизи сүнәні.

Абдусамат Қасым