Парик киюдің шариғи үкімі қандай?
Парик киюдің шариғи үкімі қандай?
2 жыл бұрын 2496

Әссәләмуғалейкум! Парик кию жайында Исламда не айтылған? Оның үкімі қалай? Нұрқанат. 

Уағалейкумсалам, Нұрқанат! Имам Муслимнің хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта: Бір әйел Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Менің тұрмысқа шыққан қызым бар. Ол қызылша ауруына шалдықты. Содан шашы түсіп жатыр. Оған шашына шаш жалғатсам бола ма?», - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз оған: «Шаш жалғаушыны да, жалғатқанды да Алла лағынеттеді», - деп жауап береді[1].

Сондай-ақ, басқа бір сахих риуаятта мынадай да мәлімет бар: Сахаба Мұғауия (р.а.) Мединеге келгенде халыққа қарап сөз сөйлейді.  Бір бума шашты шығарып былай дейді: «Ғалымдарың қайда? Шынында мен Пайғамбардың (с.а.у.) осылай істеуден (шаш жалғаудан) тыйғанын естідім. Исраил қауымы осындай әрекеттері себепті жермен жексен етілді. Өйткені олардың әйелдері шаштарына шаш жалғайтын», - деді[2]. Осы хадистің басқа бір нұсқасында Әзірет Мұғауия: «Шаш жалғауды Пайғамбарымыз «көз бояушылық ( الزور)» деп атаған», - дегендігі риуаят етіледі[3].

Осындай хадистерге қарап мәзхаб ғұламалары түрлі пікірлер баян еткен. Деректерге сүйенсек, Мәлики мәзхабы ғұламаларының айтуы бойынша: «Егер әйел шаш жалғамай, тек шашты басына қоятын болса, онда оған рұқсат»[4], - дей келе шаш жалғау мен басқа кию арасын бөліп қарауымыз керек екендігін айтады.

Ханафи ғалымдары бойынша: «Адамның шашынан өзге нәрселерден шаш жалғауға болады. Мысалы, қойдың, ешкінің жүні т.б. Себебі мұнда көз бояушылық жоқ және де адамның ағзасы емес», - деген.[5]

Осы айтылғандарды қорытындылай келе айтарымыз: Егер парик адамның шашынан емес, жасанды шаштан жасалған болса, ханафи мәзхабы бойынша оны киюге рұқсат. Адамның шашынан жасалатын болса, оған рұқсат жоқ. Мәлики мәзхабы бойынша адамның шашынан жасалған болса да парикті киюге болады. Себебі парик шашқа жалғанбайды, оны басқа киеді.  Бұл пәтуа жасанды жолмен жасалған парик табылмай жатқан жағдайларда, мұсылман үшін тығырықтан шығу жолы болмақ. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.

[1] Сахих Муслим – Китабул либас - 2122
[2] Бухари – Китабул либас - 5589
[3] Бухари – Китабул либас - 5594
[4] Әл-Фауакиһ әд-Дауани – Бәбул фитра уәл хитан уа халқиш шиър...
[5] Ибн Ғабидин.

Абдусамат Қасым