Темекі шегетін кісіге ораза ұстауға бола ма?
Темекі шегетін кісіге ораза ұстауға бола ма?
5 жыл бұрын 10299

Темекі шегіп жүрген кісіге «ораза ұстама» деп айта алмаймыз. Алайда, күндіз аузы берік кезде темекі тартқан кісінің оразасы бұзылады, әрі "Кәффарат" өтеу керек болады дейді ғалымдар[1]. 

Шылымға әуес мұсылмандар Рамазан айын темекі тастауға тамаша мүмкіндік деп біліп, ондай әдеттен арылуға тырысқаны жөн. Алла тағала Құранда «Шынында бір қауым өзін өзгерпейінше Алла оларды өзгертпейді...»[2] – дейді.  Яғни, біз боймыздағы жаман әдеттерден арылуға ұмтылмасақ, оның өз-өзінен кетуі екіталай.

Осы тұрғыда кей қандастарымыз «темекі қанымызға сініп кетті, оны тастай алмаймыз» дегенді алға тартып жатады. Бірақ шын ниет етіп, оған жоламауға бел буған адам оңай тастап кететіні күмәнсіз. Сондықтан да, осы Рамазанда тақуалыққа бет бұрып, темекіні тастауға ықылас білдірсе, тастау оп-оңай. Себебі, Құран Кәрімде: «Кім Алладан корқып сақтанса, Алла оған шығар бір жол пайда қылады»[3] делінген.  

Алла оразаларыңызды жеңіл әрі берекелі етсін! 

[1] Хашияту Ибни Ғабидин: Китабус Сиям.  3/366 бет. 
[2] Рағд сүресі,  11 - аят.
[3] Талақ сүресі, 2-аят
Кәффарат - Рамазан оразасын әдейі, себепсіз бұзған кісінің өтеуі керек амал. Оны "Ораза кәффараты" дейді. Ораза кәффаратың өтемі: бір құл азат ету,  құл азат етуге мүмкіндігі болмаса, 60 күн үзбей ораза ұстайды (кәфәрат қазасы), оған шамасы жетпесе, 60 пақырды тойдырады. 

Абдусамат Қасым