Сурет салу және оны ілу харам ба?
Сурет салу және оны ілу харам ба?
3 жыл бұрын 1658

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) біршама хадистерінде жанды заттың суретін салуды ұнатпағаны, тіпті кейде оған қатаң тыйым салғандығы айтылады[1]. Сондықтан, көпшілігіміздің «шариғатқа теріс әрекет емес пе?» деп сурет салуға күмәнмен қарауымыз заңды. Алайда, сурет өнері дамып, қоғамның ажырамас бөлігіне айналған бүгінгі таңда суретке байланысты айтылған хадистердің мақсат-мұраты не, шынымен-ақ харам ба, әлде басқа да үкімдері бар ма деп терең үңілгісі келетіндер де жоқ емес. Бүгінгі мақаламызда осы тақырып төңірегінде сөз қозғағанды жөн көрдік. 

Жалпы алғанда, ғалымдар сурет атауын[2] төртке бөліп қарастырады:

Бірінші – жансыз заттардың суреті және оларды бейнелеу. Гүл, ағаш, аспан, жер немесе автокөлік, ұшақ, үй іспетті жансыз заттардың суретін салуға, оларды іліп қоюға рұқсат етілген[3]. Өйткені, сахаба Ибн Аббас жанды заттың суретін салмау жайында хадисті риуаят еткеннен кейін: «Сурет салар болсаң, мына ағаш сияқты жансыз заттарды бейнеле»[4], – деген. Осы тұрғыдан алғанда, жансыз дүниелерді салу, оларды іліп қою, тұтыну шариғатқа теріс емес. Ғалымдардың тоқтамы – осы[5].  

Екінші – жанды заттардың суреттерін көрпе, жастық, аяқтың астында жататын төсеніштерге не ыдыс-аяқ сияқты тұрмыстық заттарға қолдану жайында[6]. Бір күні Жәбрейіл періште Пайғамбарымыздан үйіне кіруге рұқсат сұрады. Пайғамбарымыз: «Кіріңіз!», – дегендеперіште: «Үйіңде суреті бар перде тұрғанда қалай кіремін? Сен былай жаса, перденің суретін кесіп алып, жастықты тыста немесе жерге төсеніш қыл», – деді.[7] Яғни, суретті іліп қоймай, тек осындай төсеніш ретінде қолдануға болатынын меңзеп тұр. Сондай-ақ, табиғин (сахабаларды көзі көрген) Акраманың[8] айтуы бойынша: «Бұрынғылар суреттерді қадірсіз етіп көрсететін жерлерде пайдалануға рұқсат берген», – дейді. Және ғалым Уруа бин Зубәйрдің[9] орындығының шынтақ қойғышында ер кісілер мен құстардың мүсіндері бейнеленген  екен[10]. Бұл мәселе жайында, Ханафи мәзһабының әйгілі ғалымы Ибн Абидиннің (р.а.) мынадай тұжырымы бар: «Пайғамбарымыздың суретке тыйым салудағы мақсаты – суреттің дәрежесін көтеріп, қадірлемеу және пұтқа табынушыларға ұқсамау болып табылады... Төсеніш секілді қадірсіз етіп көрсететін жерлердегі суреттер періштелердің үйге кіруіне кедергі келтірмейді»[11]. 

Үшінші – суретті үйге ілу. Жалпы алғанда, жанды нәрсенің суретін қадірлеп, үйге іліп қоюды Ханафи мәзһабының ғалымдары «мәкрүһ» десе [12], Шафиғи мәзһабы ғалымы Имам Нәуәуи «харам» деп үкім берген. Ал, сахаба Әбу Бәкірдің (р.а.) немересі, ғұлама Қасым бин Мұхамметтің бұл мәселедегі ұстанымы мынадай: «Тек матаға тоқылған суреттерге рұқсат. Оны іліп қою күнә емес. Бірақ, одан өзге  ағаштан ойып, темірден құйып жасаған жанды заттың мүсіні мен қабырға сияқты тегіс нәрселерге бейнеленген жанды нәрсенің суреттері – мәкрүһ. Өйткені, хадисте матадағы суреттерге ғана рұқсат еткен», –  дейді. Тіпті, бұрынғы ғалымдардың арасында: «Тек ойып жасалған  скульптура (мүсін) – харам. Одан өзге суреттерге рұқсат»[13], – дейтіндер де болды. Көптеген хадистерге үңілсек, Пайғамбарымыз үйде суреттің болуын харам демей, тек ұнатпағаны байқалады. Сондықтан да, үйге сурет ілуді харам деудің орнына мәкрүһ дегеніміз дұрысырақ. Бұған дәлел ретінде, Буср бин Сағид былай әңгімелейді: «Зәйд бин Халид (р.а.) ауырып қалды. Біз оның көңілін сұрау үшін үйіне бардық. (Үйіне барғанымызда) есігінде суреті бар перде ілініп тұрған екен. Суретті көріп мен (қасымдағы) Убайдулла әл-Хауаланиге:«Кеше ғана Зәйд бізге «періштелер суреті бар үйге кірмейді» деген хадисті айтқан жоқ па еді?!», – дегенімде, Убайдулла маған: «Сен оның (хадистің жалғасында) «матаға кестеленіп салынған суреттен басқасы» деген сөзін естімедің бе?», – деп жауап берген еді[14].

Айша анамыз да Пайғамбардан (с.а.у.) риуаят еткен хадистерінің бірінде: «Бізде құстың бейнесі салынған бір перде бар еді. Ол үйге кірген кісінің дәл қарсы алдында тұратын. Бір күні Пайғамбарымыз маған: «Мынаны ауыстырып қойшы. Мен кірген сайын оны көрем, (көрген сайын) дүние есіме түседі», – деген еді. Және біздің суреттермен өрнектелген «бүрмелі барқыт»[15] киіміміз бар-ды. Біз оны кеспей, киіп жүрдік»[16]. Бұл жерде Пайғамбарымыз суреті бар пердені дүниені еске түсіретіндігі үшін ғана ұнатпағанын аңғаруға болады[17]. Себебі, ол кезде суреті бар перделер қымбат көрініп, байлықтың нышаны секілді болған. Жаны қарапайымдылықты сүйетін Пайғамбарымызға бұл ұнамайтын.

Имам Тирмизи Утбадан мынадай хадис риуаят етеді: «Абдулла бин Утба  Абу Талха әл-Ансариге (р.а.) хал-жағдайын сұрауға барғанда, қасында Сәһл бин Ханиф атты сахаба отыр екен. Әбу Талха астындағы суреті бар төсеніштің көзін жою үшін бір адамды шақырды. Мұны көріп тұрған Сәһл одан: «Оны неге  құртқың келеді?», – деп сұрады. Әбу Талха: «Өйткені, онда сурет бар. Пайғамбарымыз сурет жайында не айтқаның сен де білесің», – деп жауап берді. Сонда сахаба Сәһл: «Алланың Елшісі «матаға кестеленген сурет басқа» деген жоқ па еді?», – деп тағы сұрады. Бұл сұраққа Әбу Талха (р.а.): «Рас айтасың. Алайда, көңіліме осылай жасағаным жағып тұр», – деген жауап қатты.[18]  Имам Тирмизи бұл хадиске «хасан сахих» деген баға берген.

Дегенмен, сурет жайында қатаң түрде ескерту жасаған хадистер де жоқ емес. Ендеше, олар  «жоғарыда айтылған сүннетке қайшы емес пе?» деген сұрақ туындайды. Бұған байланысты Ханафи  мәзһабының ғалымы Бадруддин әл-Айни «Сахих Бухари» кітабына жазған түсіндірмесінде жоғарыдағы хадистерді назарға ала отырып, мынадай тұжырымды алға тартады: «Исламның әуелгі кезеңінде пұтқа табынушылық өз күшін әлі жоя қоймаған еді. Пайғамбарымыз барлық сурет атауынан, тіпті маталарға бейнеленген суреттерден де тыйды. Кейіннен, «таухид» сенімі тамырын терең бойлаған соң, маталардағы суреттерге рұқсат берді. Маталардағы суреттерді қадірсіз жерлерде қолдануға рұқсат етті»[19].

Төртінші – жанды заттың суретін салудың үкімі. Жоғарыда біз жанды зат пен жансыздар бейнеленген суреттерді, бұйымдарды қолдану, оларды тұтыну жайында әңгіме еттік. Ендігі әңгіме сурет салушылар жайында болмақ. Кей хадистерде, Пайғамбарымыз жанды заттардың бейнесін салуға қатаң тыйым салған.  Алла тағала суретшілерді қиямет күні қатты азаптап жатып: «Қане, жаратқандарыңа жан бітіріңдерші» дейді» [20]. Тағы бір хадисте: «Қиямет күні азапты ең көп тартатындар – суретшілер»[21], – деп сурет салып, мүсін жасаудың ауыр күнә екенін түсіндіреді. Сондай-ақ,«Адамдардың ең қатты азап шегетіндері – Алланың жаратушы(сипатымен) бәсекелесетіндер[22]», –деген тағы бір хадисі бар. Аталмыш хадистерге үңілген ғалымдардың кейбірі «жанды заттың суретін салу – харам» деген үкім шығарған [23].  Ғалым Ибн Абидин «Жандының суретін салуға мүлдем болмайды. Өйткені, ол – Алланың жаратушы сипатымен тайталасу болып табылады», – дей отырып жанды заттардың суретін салу Ханафи мәзһәбы бойынша дұрыс емес екендігін тілге тиек етті [24].  Десе де, Мәлики мәзһабындағы ғалымдардың пайымдауынша: «Бұл мәселеде харам болған әрекет – темір, мыс, ағаш, тас сияқты ұзақ сақталатын мәтериалдарды ойып жанды заттың мүсінін жасау. Ал қағаз, қабырға немесе мата сияқты тегіс заттың бетіне сурет салу – харам емес, тек - мәкрүһ. Сондай-ақ, қамыр, қарбыз тектес ұзаққа сақталмайтын заттардан жасалған мүсіндердің де үкімі осындай»,[25]  – деді. Демек, бұл пікірге сүйенсек, қағаз бетіне немесе қабырғаларға т.б. сурет салуды кәсіп ететіндер жоғарыда айтылған хадистегі тыйымның аясына кірмейді.  
Сонымен қатар, «хадистің көздегені – пұтқа табынушылықтың белгілерін жою және өз шеберліктерін Жаратушымен қатар көретіндердің теріс пиғылын сынау болып табылады. Ал мұндай теріс пиғылдан ада суретшілер харамның аясына кірмеуі тиіс» дейтін ғалымдар да жоқ емес. Бұл ғалымдар сурет өнерін оның ішінде жанды нәрселердің бейнесін салумен әуестенетін суретшілер мына талаптарды қатаң ескергені жөн деп есептейді: Біріншіден, халық қасиет тұтатын діни тұлғалардың және ел-жұрт асыра ұлықтап кеткен діни емес тұлғалардың бейнесі салынбауы керек.

Екіншіден, сурет салған адамның көкейінде «Алланың жаратушы сипатымен бәсекелесу» деген зәредей де ниет болмауы тиіс.

Үшіншіден, әдепсіздікті, бұзақылықты насихаттайтын суреттерді бейнелеуден аулақ болуы керек[26].

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні:

  1. Ұзаққа сақталатын материялдан жанды заттың мүсінін жасау дұрыс емес.
  2. Қағаз, мата сияқты нәрселерге жанды заттың суретін бейнелеуге кей ғалымдар «харам» деп үкім берген. Әйтсе де, «бұл жерде суретшінің ниеті маңызды» деп сурет салуға рұқсат беретін ғалымдар да бар.
  3. Әртүрлі өсімдіктердің және кез-келген жансыз заттардың бейнесін салуға рұқсат. Әрі бұлардың суретін үйге де іліп қоюға болады.
  4. Періштенің кіруіне кедергі болатындықтан жанды заттардың суреттерін үйге іліп қою – мәкрүһ. Өйткені, суретті жоғары қойып, қадірлеген болып тұр. Ал, суреті бар төсеніш, жастық, ыдыс-аяқ секілді тұрмыстық заттарды қолдану, ондағы суретті қастерлемеудің дәлелі. Сондықтан рұқсат.

Әйткенмен, жанды заттардан гөрі жансыз заттардың суретін салу және ілу тақуалыққа жақын екенін ұмытпау қажет. Ең дұрысын Алла біледі!

1. Фатхул бәри, Либас  - Бабу: аттасауир
2. Қазақ тілінің әмбебап сөздігі «сурет»  сөзінің мағыналары.
3. Имам Нәуәуи, Шархуль Муслим, Китабуль Либас – 2104 хадис түсініктемесі;
4. Сахих Бухари, Китабуль Буйуғ – 2112 хадис.
5. Әл Маусуғатуль Фиқһия – 12/98 бет. Кувейт. 
6. Али Мухаммәд әл Қари, Мирқатуль Мәфәтих, Китабуль либәс – 4489 хадис тусініктемесі.
7. Нәсәи – 5365;
8. Абдулла бин Аббастан дәріс алған азатты құлы, ғұлама.
9. Уруа бин Зубайр. Ғұлама. Өз уақытысында Мәдина қаласының жеті ғалымының бірі
10. Проф. Доктор Ю.Қардауи, әл Халал уаль Харам – 103 бет.
11. Раддуль Мухтар – 2/416, 419 бет;  Хашиятут Тахтауи әл Ханафи  – 360 бет;
12. Ибн Һумәм, Фатхуль Қадир – 1/427-428 бет; әл-Айни, Умдатуль Қари , Китабус сала – 4/97 бет.;Әл Айни, Биная – 2/460 бет.
13. Имам Нәуәуи, Шархуль Муслим, Китабуль Либас – 2104 хадис түсініктемесінде;
14. Сахих Муслим – хад.ном. 2106.; Нәсәи – 5350 хадис.
15. Әл Муғжамуль Уәсыт, «әл-қатыфа» сөзінің мағ.
16. Нәсәи сунені, Китабуз Зинати – 5353 хадис.
17. Қардауи, әл Халал уәл Харам – 96 бет.
18. Нәсәи сүнені, Китубуз Зинати – 5349 хадис.
19. Ғумдатуль Қари Шарху Сахихиль Бухари – 22/74 бет.
20. Бухари мен Муслим риуаят еткен.
21. Муслим риуаят еткен
22. Бухари, Муслим.
23. Али Сабуни, Тәфсиру Аятиль Ахкам – 2/408 бет.
24. Раддуль Мухтар – 2/420 бет.; Хашиятут Тахтауи әл Ханафи  – 361 бет
25. Әл Маусуғатуль Фиқһия – 12/101 бет. Кувейт
26. Проф.Доктор Ю.Қардауи, әл Харам уәл Халал.

Абдусамат Қасым