Өткен оразадан қарызы бар адамдар не істейді? Рамазанда ораза ұстай ма?
Өткен оразадан қарызы бар адамдар не істейді? Рамазанда ораза ұстай ма?
5 жыл бұрын 20624

Сәлеметсіздер ме?. Естуімше ораза айында жіберілген қарыз күндерді келесі ораза айы келмейінше өтеу қажет екен. Менің алдыңғы жылғы оразадан қалып қойған (белгілі бір себепті) қарыздарым бар. Соны осы келе жатқан рамазан айында қосып  ұстасам бола ма? Өтелінбей қалған жағдайда нендей жағдайлармен қарыздарымнан құтылсам болады екен? Жазасы не? Айтуова Азиза

Сәлеметсіз бе, Азиза! Ханафи мәзхабы бойынша өткен оразадан қалған қарыз күндерді осы келе жатқан Рамазан айына дейін өтеу шарт емес. Өйткені, Құран Кәрімде: «Кімде-кім сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуға рұқсат) басқа күндері қазасын өтесін»[1], –дей отырып, Алла Тағала оразаның қазасын өтеу уақытын шектемей, жалпылама айтып отыр.

Сондықтан да, өткен оразадан қарызы бар кісілер, Рамазан айы келісімен рамазан оразасын ұстап, ал өтеп үлгермеген қаза оразаларын Рамазаннан кейінгі күндерге қалдырады.

Осы тұрғыда, оразадан қалған қазаларды келесі оразаға дейін қалдырмай, сол жылы ішінде тездетіп өтеп отырған абзал[2]. Сондықтан, қазір Рамазан айының кіруіне бірнеше күн бар. Осы күндерді пайдаланып, өткен жылдан қалған оразаңыздың қазасын өтеп алғаныңыз жөн. Алда-жалда Рамазанға дейін үлгермесеңіз, Рамазан айынан кейін жалғастыруға болады. 

Кейбіреулер «өткен оразалардың қазасын алдағы Рамазанның оразасымен қатар ниет етіп өтеуге бола ма?» деген де сауал жолдап жатады. Дінде бұған рұқсат жоқ. Рамазан айында, тек Рамазан оразасы ұсталады. Қаза оразаны басқа күндері жеке өтеу керек. (Жауаптың аудио-видео нұсқасын қосымша төменнен тыңдай аласыз).

[1] Бақара сүресі, 185-аят.
[2] Бахрур Раиқ – 2/499-бет.

Абдусамат Қасым