Ережеп оразасын ұстайын ба, әлде қаза оразамды ма?
Ережеп оразасын ұстайын ба, әлде қаза оразамды ма?
3 жыл бұрын 9576

- Мен бір сұрақ қояйын деген едім: Осы ережеп айының оразасын ұстамай тұрып, өткен жылғы оразадан қалған қарыз оразаны өтеп алу керек пе? Айдони. 

- Құрметті сұрақ сұраушы, қаза оразаны өтеудің үкімі - парыз[1]. Ережеп айындағы ораза ұстаудың үкімі - нәпіл. Басқаша айтқанда, міндет емес, сауапты амал. Шариғат үнемі парызды алдыңғы қатарға қояры сөзсіз. Сондықтан да, осы айда қаза оразаларыңызды өтеп алғаныңыз дұрыс болады. ИншаАЛЛА, қаза оразаңызды Ережеп айында өтейтін болғандықтан, Жаратушы Иеміз осы айда ораза ұстаған адамға беретін қосымша сауаптан да құр алақан етпес деген үміттеміз.  

- Сәлеметсіз бе! Мен рамазан айындағы қарыз күндерімді өтеген жоқпын. Бірақ, бүгін Ережеп айындағы оразаны ұстап жатырмын. Бұл қалай болады? Бұлай ұстай бергенім дұрыс па, бұрыс па? Икон

- Сәлеметсіз бе! Қаза оразаның болуы - нәпіл ораза ұстауға кедергі емес деген ойдамыз. Сондықтан да, қазаңыз бола тұра, нәпіл оразаға ниет еткен болсаңыз, иншаАлла, оның ағаттығы жоқ. Ұстаған оразаңыз үшін сауап аласыз (Алла сауаптан жазғай). Дегенмен, осы айды пайдаланып арасында қаза оразаларыңызды да өтеп алған дұрыс. 


[1] Бақара – 184-аят.

Ережеп айының қасиеті жайында мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-qogam/erejep-aiynda-qandai-amaldar-istegen-durys-1774/#gsc.tab=0 
Абдусамат Қасым