Аяғы ауыр әйелдің талақтан кейінгі «иддет-күту» мерзімі қанша күн?
Аяғы ауыр әйелдің талақтан кейінгі «иддет-күту» мерзімі қанша күн?
2 жыл бұрын 2291

Әссәләмуғалейкум! Аяғы ауыр әйел талақ алса, «иддет» мерзімі қанша күн?

Рахмет. Нұргүл

Уағалейкум әссәләм! Алдымен мынаны айта кетелік: Күйеуі өлгеннен кейін немесе талақ айтылғаннан соң әйел кісі белгілі мерзім күтеді. Оны шариғатта «Иддет-عِدَّةٌ» деп атайды. Иддеттің сөздік мағынасы «санау» дегенге саяды. Күйеуі қайтыс болған әйелдің күту мерзімі – 4 (төрт) ай және 10 (он) күн[1]. Ажырасқан әйелдің күтү уақыты – 3 (үш) етеккір мерзімі[2]. Бұл айтқандарымыз бойына бала бітпеген, яғни аяғы ауыр емес әйелге қатысты.

Ал, аяғы ауыр әйелдің (мейлі жесір әйел болсын, мейлі талақ айтылған әйел болсын) иддеті  - босанғанға шейін жалғасады. Құран Кәрімде бұған қатысты былай делінген:

« Жүкті әйелдердің мерзімдері олар босанғанға дейін.»[3].  

Пайғамбарымыздың кезінде Субайъа Әсләмия есімді әйел күйеуі қайтыс болғаннан бірнеше түн өткеннен кейін босанады. Үкімін анықтау үшін Алла елшісінен келіп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Сенің күтү мерзімін бітті. Қалаған адамыңа тұрмысқа шығуыңа болады», - деп жауап береді[4].

Сондай-ақ, сахаба Зубейр ибн Аууамның (р.а.) әйелі Үмму Күлсум толғағы жақындағанда күйеуінен талақ сұрайды. Алғашында талақ беруге көнбеген Зүбейр, әйелінің табандылығына шыдай алмай бір талақ айтады. Бірақ толғағының жақындағанынан хабарсыз еді. Оның артынша Умму Күлсүм босанады. Зубейр не істерін білмей Алла елшісіне келіп мәселені баяндап береді. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Алланың оған байланысты бекіткен үкімі сені озып кетті, (яғни, некелерің бұзылды, талақтан кейінгі иддет мерзімі осымен тәмәмданды, енді оның басы бос) – дейді де – Оны қайта айттыр! - деп жол көрсетеді.

-Ол енді маған ешқашан оралмас, - дейді сонда Зубейр[5].

Ескерту:

Иддет мерзіміндегі аяғы ауыр әйел түсік тастаса, шаранаға қараймыз. Шарананың кейбір дене мүшелері қалыптасқан болса, әйелдің иддет мезгілі аяқталған болып есептелінеді. Ал, түсіктін ешбір дене мүшесі қалыптаспаған жағдайда, иддет мезгілін жалғастырады[6].


[1] Бақара сүресі, 234-аят.
[2] Бақара сүресі, 228-аят.
[3] Талақ сүресі, 4-аят.
[4] Бухари, Муслим, Ибн Хаббан,. Әл-Муатта.
[5] Ибн Әби Шәйбә, Абдурраззақ «әл-Мусаннаф».  Фәтху бәбил Ъиная – 2/312 бет. Бейрут, 2009 ж.
[6] Имам Әл-Маусули, «Әл-Ихтияр».  3/211 бет. Бейрут, 2011 ж.

Абдусамат Қасым