«Сахибут тәртиб» дегеніміз кім?
«Сахибут тәртиб» дегеніміз кім?
3 жыл бұрын 841

Ассалаумағалейкум! Қаза болған намазды келесі намаздың алдында оқуға бола ма? Яғни, қазаны оқып, артынша келесі намазға өтіп оқу? Ғани Абдраманов.

Уағалейкумассалам! 
Ғани, бір кісінің мойнында алты намаздан аз өтелмеген қазасы болса, ол кісіні «Сахибут тәртиб» деп атаймыз. Бұл кісі қазаға қалып қойған намазын уақыты кірген намаздың алдында оқуы шарт. Егер қазасын оқымай, уақыты кірген намазға бастап кетсе, бұл намазын қайта оқуы тиіс[1]. Мысалы, намазын өмір қаза етпейтін кісі (немесе мойнындағы қарыз намаздары алтыдан аз болса) бір жағдайлармен бесін намазын өткізіп алды делік. Бұл кісі уақыты кірген екінті намазын оқымай тұрып, әлгі бесін намазының қазасын өтеуі шарт.

Бұл жайында Даруқутнидің «Сүнәнында» жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: «Кім де кім ұмытып немесе ұйықтап қалып, намазын өткізіп алса және бұнысын имамға ұйып оқып тұрған басқа намазында есіне түсірсе, бастаған намазын тәмамдасын. Артынша, қазасын өтесін, кейін әлгі имаммен бірге оқыған намазын қайта оқысын!»[2].

Бірақ мына жағдайларда аталмыш «шарт» күшін жояды.

  1. «Сахибут тәртиб» үкімінен шықса, яғни, мойнындағы өтелмеген қаза  намаздары алтыдан асса;
  2. Қазасын өтеуі себепті, уақыты кірген намазды өткізіп алуынан қорықса («Сахибут тәртиб» үкіміндегі адамға қатысты);
  3. Қазасы бар екендігін ұмытып, уақыты кірген намазды оқып қойса[3]. («Сахибут тәртиб» үкіміндегі адамға қатысты);

«Сахибут тәртиб» үкімінде болмасаңыз, қазаға қалған намазыңызды уақыты кірген намаздан бұрын да, кейін де өтей аласыз.

Қаза намазы да, уақыты кірген намаз да өз алдарына жеке намаз ретінде оқылады.

[1] Хидиая – 1/185-187 бет, «Бәбу қаза’иль Фәуә’ит.
[2] Даруқутни – №1549 хадис.
[3] Любәб – 1/87 бет.

Абдусамат Қасым