Құрамында спирт бар дәріні ішсе бола ма?
Құрамында спирт бар дәріні ішсе бола ма?
10 жыл бұрын 8755

Ассалаумағалейкум! Құрметті сайт ұжымы өткенде сырқаттанып қалғанымда дәрігер маған, бір сұйық дәрі жазып берді. Құрамын қарасам дәрінің көп мөлшері спирттен тұрады екен. Мұндай дәріні ішуге бола ма?  Азамат.

Уағалейкумуссалам! Азамат мырза, Ислам наусқастанған адамды ем іздеуге шақырады.  Ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір бәдәуи: «Уа Алланың Елшісі! Науқастансақ, емделейік пе? – деп сұрағанында, Ол (с.а.у.):  Әрине. Ей Алланың құлдары, ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық ауруға ем бар»[1], – деп емделу керектігін айтқан[1].  Бірақ бұл кез келген дәрі-дәрмекті ішуге болады деген сөз емес. Ішетін дәрінің құрамында харам деп танылған заттардың болмауы шариғаттың басты талабы. Өйткені, Пайғамбарымыз  харам нәрселермен емделуден тыйған[2].  Осыны назарға ала отырып, Ислам Фиқһ Одағы 2002 жылы, қантардың 5-10 аралығында Мекке қаласында өткен кезекті отырысында, бұл мәселе жайлы мынадай қаулы шығарды: «Спиртсіз өзге дәрі-дәрмек табылмай жатса, сенімді дәрігердің нұсқауына сүйене отырып, құрамында фармацептикалық өндіріс қажет еттіретін аз мөлшерде спирті бар дәрілерді ішуге болады. Сондайа-ақ, спиртті жарақаттардың бетін тазартып сүртуге, түрлі микробтарды өлтіруге пайдалануға болады. Және сыртқы теріге жағылатын майлар мен түрлі кремдердің құрамындағы спиртке де рұқсат. Әйтсе де, мұсылман елдеріндегі фармацевтикалық орталықтарды спиртсіз дәрілер даярлауға және дәрігерлерді науқастарға құрамында «спирті жоқ» дәрілер  жазуға шақырамыз..»[3].

Кей ғалымдар:«Таблетка түріндегі дәрілерді жасау кезінде оларды жоғарғы температурадағы ыстықтан өткізеді. Оның құрамындағы спирт буға айналып, өзіндік табиғатын жоғалтады. Сондықтан, құрамындағы спирт шариғатқа теріс емес. Ал, шикізаты спиртте тұндырылған сұйық дәрілердегі (настойка) спирт көбіне өзгермей өз қалпында қала беретіндіктен, мүмкіндік болса өзге дәріні іздеп көру керек. Спиртсіз дәрі табылмаған жағдайда, онда амал жоқ бұған рұқсат» [4], - деп спирт қосылған дәрілердің өзін де екіге бөліп қарастыруға болатындығын алға тартады.

Ендеше, алдымен білікті дәрігермен кеңесе отырып сырқатыңызға құрамында спирті жоқ дәріні қарастырғаныңыз жөн. Ондай дәрі табылмаған жағдайда ғана сұрағыңызда көрсеткен дәріні іше беруіңізге болады.  

[1] Тирмизи – 4/383
[2] Әбу Дауд – 4/217 бет.; Бухари.
[3] Доктор Ахмәд Сәлүс, Маусуғатуль Қадоял фиқһиятиль мұғасыра – 719-720 бет. Қатар.
[4]  Сағдуд Дин Әл Кубби, Әл-Муғамалатуль Малитуль Муғасыра – 388-394 бет.  Бәйрут. 2002 ж.

Абдусамат Қасым