Неге Мәликилер намазда қолды түсіріп оқиды?
Неге Мәликилер намазда қолды түсіріп оқиды?
2 жыл бұрын 13125

Ассаламуғалейкум! Неге Мәликилер намазда қолды түсіріп оқиды? Ғазали Ғазали

Уағалейкум ассалам! Сахабалардан кейін дін мәселелерінде мұсылмандарға көшбасшылық еткен ұлық имамдардың бірі Имам Мәликтің  (р.а.) намазда қол байлау мәселесі төңірегінде айтқан үш түрлі пәтуасы бар:

1. Қолды нәпіл намаздарда байлауға рұқсат, ал парыз намазында қол байлау – мәкрүһ, яғни байланбайды. Бұл пәтуа - Имам Мәликтің шәкірті, ғалым Абдуррахман ибн Қасимнан жеткен (х.132-191 ж/м.750-806 ж.).

2. Парыз намазында да, нәпіл намаздарында да қол байлау – мубах. Бұл пәтуаны жеткізген - тағы бір шәкірті, ғалым Әшһәд ибн Абдулъазиз әл-Қиси (Х.140-204 ж.).

3. Парыз намазда да, нәпіл намазда да қол байлау – мустахаб. Бұл пәтуаны жеткізуші – тағы бір шәкірті, Имам Мәликтің жиені, ғалым Мутарриф ибн Абдулла (х.137-220 ж) [1] .

Дегенмен, Мәлики мәзхабында ең мәшһүр (көп тараған) пәтуа – біріншісі. Бұл пәтуаның да өзіндік сүйенген дәлелдері жоқ емес. Мамандардың зерттеулеріне қарағанда, Имам Мәлик бұл пәтуасында екі дәлелге сүйенеді:

Біріншісі – Пайғамбарымыздың хадистері.

Атап айтсақ, риуаяттарға қарағанда бір күні Сахаба Әбу Хәмид әс-Саъиди шамамен он сахабалардың арасында отырған кезінде (Оның арасында Әбу Қатада да бар) оларға қарап былай дейді:

- Мен сендерге Пайғамбарымыздың оқыған намазын үйретейін», - дейді.  Сонда сахабалар оған:
- Неге? Уаллаһи, біз сенен де Пайғамбар жолына берікпіз және оның ең алғашқы сахабалары бізбіз – деді
- Әрине, солай – деп жауап берді Әбу Хамид.   
- Түсіндір ендеше! – деді сахабалар. Сонда Әбу Хамид былай деп баяндап берді:
- Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазға тұрғанда, иық  денгейіне келетіндей етіп  қолдарын көтеріп, тәкпір айтатын. Әрбір дене мүшесі толықтай өз орнына келетін. Кейін, Құран оқыды. Артынан тәкбір алады да, қолын иық денгейіне дейін көтереді. Одан соң рукуғқа барады. Алақанымен тізесін ұстайды. Рукуғта басын салбыратпай және жоғары көтермей орташа ұстайды... – деп соңына дейін баяндап берген екен. Бұны естіген сахабалар:
- Дұрыс айттың, Пайғамбар солай оқыған еді – деп құптайды[2].  

Аталмыш сахабаның тәптіштеп баян еткен намаз оқу үлгісінде «қолды байлау» деген сөз жоқ. Егер қолды байлау намаз оқудың бір бөлімі болғанда, сол жерде отырған он сахабаның тым құрығанда бірі: «Сен қолды байлауды ұмытып кеттің», - деп ескерту жасайтын еді. Ондай ескерту жасамастан: «Дұрыс айттың, Пайғамбар солай оқыған еді» деп растап отыр. Бұның өзі намазда қол байланбайтынына дәлел дейді Мәлики мәзхабы ғалымдары.

Екінші сүйенген дәлелі – Медине халқының амалы.

Имам Мәликтің қағидасы бойынша, Мединеде өмір сүрген сахабалар мен Имам Мәликтен бұрынғы Мединеде өмір сүрген ғалым табиғиндердің жасаған амалдары ахад хадистен бұрын тұрады. Өйткені, Пайғамбардың (с.а.у.) өмірінің соңғы шағында айтқан сөздері мен жасаған істеріне ең көп қанық болғандар   –  Мединелік сахабалар.  Ендеше, қандай да бір мәселеде Мединелік сахабалар мен  олардың шәкірттері болып табылатын Мединелік ғалым табиғиндер ахад хадиске теріс амал еткен болса, бұл олардың  Пайғамбардан, өмірінің соңғы шағында солай айтқан сөзін естігендігінің яки істеген ісін көргендігінің белгісі.

Сондықтан болар, Мединелік жеті табиғин ғалымдардың бірі Саъид ибн Мусаяб намазда қолын байламайтын болған деседі деректерде.

Әйтсе де, Пайғамбарымыздың бірнеше хадиcтерінде намазда қол байлаудың сүннет екендігі ашық айтылған. Және осы ұстаным өзге үш мәзхаб ғалымдарының  жолы. Осыны назарға ала отырып,  Имам Мәликтен жеткен жоғарыдағы екінші және үшінші пәтуаларын негізге алған Мәлики ғалымдары да аз емес. Бірақ оның өзіндік шарты бар. Абдуррахман әл-Жәзири «әл-Фиқһу алял Мәзәхибил Арбағати» атты еңбегінде  бұл жайында былай дейді:

«Мәлики мәзхабы ғалымдарының айтуы бойынша, намазда оң қол сол қол үстіне қойылып, оны көкіректен төмен, кіндіктен жоғарғы жерге орналастырады. Бұл сүннет емес, мәндуб амалына жатады. Бірақ  оның қол  байлаудауғы мақсаты «Пайғамбарымыздың сүннетін істеу» болуы тиіс. Осы жағдайда ғана «мәндуб (рұқсат)» болмақ. Ал егер, қолды байлаудағы мақсаты (қол талып кеткендіктен) сүйену, таяну болса, онда қол байлаудың қай түрі болмасын, ол - мәкрух... Бұл парыз намазына қатысты. Ал нәпіл (сүннет) намаздарында қолды байлау, адамның ниетіне мақсатына қаралмайды» [3].

[1] Шиһәбуддин әл-Қирафи – әз-Зүхайра: Китабус сала, бәбус сәдис.
[2] Ибн Мәжә - №1051; Тирмизи – Китабус сала, №304 хадис.
[3] Абдуррахман әл-Жаузи, әл-Фиқһу аля мәзәхибил арбағати», 1- том, 227 бет.

Абдусамат Қасым