Құлақтан құлық ақса, дәрет бұзыла ма?
Құлақтан құлық ақса, дәрет бұзыла ма?
2 жыл бұрын 3352

Құлақтан аққан су немесе ірің сияқты сүйықтық  ақса, яғни «құлық» деп жатады аталарымыз, дәретті бұзады ма? Ол көп уақыттан бері жалғасып жатқан болса, үзірлі адамның қатарына жатқызуға болады ма? Құлақтан кейде, біраз уақыт ақпай қалады. Кейде әр намаз уақытында ағып тұрады. Бұл жағдайдың дәретке зияны бар ма? Қажымұқан. 

Құрметті Қажымұқан, құлақтан ірің немесе қан араласқан сұйықтық ақса, ол дәретті бұзады. Өйткені бұл қандай да бір жарақаттың бар екендігінің және құлақтың зақымдануының  белгісі.

Олардан өзге, жай су секілді сұйықтық аққан болса, жағдайға қарай үкімі де әртүрлі болмақ.  Дәлірек айтқанда: құлағы ауырып-сыздап тұрған күйі аққан сұйықтық дәретті бұзады. Өйткені, ауырып-сыздап тұрған күйі ағуы – құлағындағы жарақатқа дәлел.  Ал, ауырмай-сыздамай  аққан сұйықтық дәретті бұзбайды[1].

Бір адамды үзірлі деп есептеуіміз үшін бойындағы үзірі бір намаз уақыты бойы жалғасуы шарт. Содан кейінгі намаз уақыттарында бір рет болсын көрінуі оны үзірлі деп есептеуге жеткілікті. Мысалы, бесін намазының уақыты кіргеннен бастап шыққанға дейін құлағынан тоқтамай құлық аққан кісі үзір иесі саналады. Келесі екінті уақыты ішінде бір рет болсын құлық ағуы, үзірінің тоқтамағандығының белгісі. Бұл кісі келесі келетін шам намазы кіргенде даретін жаңалауы шарт.

Бұдан кейін, бойындағы үзірі бір намаз уақыты бойы көрінбесе, бұл ол үзірдің тоқтағандығын көрсетеді. 

[1] «Мейлі ірің болсын, мейлі қан аралас сұйықтық болсын, егер, құлақ ауырмаған күйі аққан жағдайда дәретті бұзбайды» дейтін Ханафи ғалымдары да бар. [Ибн Абидин, Раддул Мухтар «Науақизу әл-уду»]

Абдусамат Қасым