Намазда Фатиханы немесе зам сүрені оқуды ұмытқан кісі не істейді?
Намазда Фатиханы немесе зам сүрені оқуды ұмытқан кісі не істейді?
7 жыл бұрын 18865

Әссәләмуғалейкум! Парыз намазында Фатиха сүресін оқымаған адам не істейді?

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Парыз намаздың алғашқы екі рәкәғатында Фатиха сүресін оқу – уәжіп.

Сондықтан да, алғашқы екі рәкәғаттың бірінде аталмыш сүрені ұмытып, онысын зам сүреге бастаған кезде есіне түсірсе, оқымаған Фатиха сүресін оқып, артынан қосымша сүрені қайта оқиды. Осы тұрғыда, намаздағы қырағат реті бұзылғандықтан, намаз соңында сәһу сәждесін жасайды[1].

Тіпті, аталмыш сүрені оқымағандығы рүкуғқа барғанда есіне түсірген жағдайда қайта қиямға тұрып, Фатиханы және зам сүрені оқиды да қайтадан рүкүғ амалын орындайды. Намаз соңында сәһу сәждесін жасауы тиіс[2].

Бұл айтқандарымыз парыз намаздың алғашқы екі рәкәғатына қатысты. Ал, қалған үшінші не төртінші рәкәғатында фатиха сүресін ұмытқан кісіге ештеме қажет емес.        

Осы орайда, зам сүресін тәрк еткеннің де үкімін айта кетелік.

Парыз намаздарының алғашқы екі рәкәғаттарында зам сүрені оқу - уәжіп. Сол себепті, төрт не үш рәкәғатты парыз намаздардың алғашқы екі рәкәғатында тек Фатиханы ғана оқып, қосымша сүре оқымай кеткен кісі, онысын сәждеде аңғарса, аталмыш сүрені үшінші рәкәғатта оқиды. 

Мысалы, құптан намазының екінші рәкәғатында тек фатиха сүресін оқыған кісі, үшінші рәкәғатта фатихадан кейін, зам сүре қосып оқуы тиіс. Және жария оқылатын намаз болғандықтан, имам мұнда да фатиха мен зам сүрені дауыстап оқиды. Жалғыз оқыған адамның өз еркі.

Риуаяттарға қарағанда Әзіреті Омар шам намазында зам сүресін ұмытып кетіп, онысын үшінші рәкәғатта оқыған екен. Әзіреті Осман құптанның алғашқы екі рәкәғатында оқымай кеткен зам сүрелерін, соңғы үш пен төртте дауыстап оқығандығы да кітаптарда келтірілген.

Ендігі жерде «онысын сәждеде аңғарса» деуімнің себебі: сәждеге бармай тұрып, рүкүғда есіне түсірген кісі рүкүғдан бас көтеріп, зам сүрені оқиды да артынан рүкуғды қайта орындайды. Намаз соңында сәһу сәжде керек[3]. 


[1] Имам Сәрахси: Әл-Мәбсут.
[2] Фәтәуә әл-Һиндия – 1/140 бет.
[3] Имам Сәрахси: Әл-Мәбсут.

Абдусамат Қасым