Уколдан кейін киімге жағылған спирт намазға кедергі ме?
Уколдан кейін киімге жағылған спирт намазға кедергі ме?
3 жыл бұрын 6138

Əссəлəму'əлейкум! Сіздерге Алла разы болсын. Қояр сұрағым, мен укол алып жүр едім. Енді уколдан кейін киімімде спирттің ізі қалып қояды. Ол намазға кедергі келтіре ма? Кеуіп кеткеннен кейін сол киіммен намаз оқи беруге бола ма? Нұрболат

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Әуелі мынаны білуіміз керек, спирт үш түрге бөлінеді:

  1. Ішуге арналған спирт
  2. Өнеркәсіптік спирт
  3. Медициналық спирт

Алғашқысынан алкогольді ішімдіктер жасайды. Мұндай спирт табиғи шикізаттан өндіріледі (ішілуі харам және жүзім мен құрмадан өндірілгені нәжіс).  

Ал, спирттің кейінгі екі түрін (өнеркәсіптік және мед.) мұнайдан, малақтан (навоз), көмірден т.б. табиғи емес компонеттерден өндіреді. Тек, айырмашылығы – мед.спирт өнеркәсіптік спирттен қарағанда көптеген тазартулардан өтеді және кейде табиғи шикизаттан да өндіріліп жатады. Техникалық талаптамаларына қарағанда, спірттің бұл екі түрі ішуге жарамсыз[1].

Ендігі, сұрағыңызға келелік.

Жалпы дінімізде (Ханафи мəзхабында) спирттің жүзімнен немесе құрмадан өндірілген түрі нәжіс ретінде саналады. Ал, одан өзге компонеттерден өндірілген спирттердің нәжістігі жоқ (сыртқы қолданысқа қолдануға рұқсат). Дәрігерлер көбіне медициналық спиртті қолданып жатады. Сондықтан да, укол саларда денеңізге немесе киіміңізге жағылған аталмыш спирттің намазға еш кедергісі жоқ[2].


[1] http://alcogolizm.com/
[2] Бірақ, мед.спиртті де ішу харам.

Абдусамат Қасым