«Жолаушы бір жерде он бес күн қалатын болса, намазды толық оқиды» дегенге дәлел бар ма?
«Жолаушы бір жерде он бес күн қалатын болса, намазды толық оқиды» дегенге дәлел бар ма?
3 жыл бұрын 5494

Әссәләмуғалейкум! Ханафи мәзхабындағы жолаушыға қатысты «он бес күн» түсінігі қандай дәлелден шыққан. Дәлелін айтсаңыз, иншаАлла. Алла разы болсын. Бауырларымыз он бес күнді «Пайғамбар (с.а.у.) заманында болмаған» деп, фитна шығарып жүр.   Амангелді.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабы бойынша, жолаушы кісі әлдебір елді мекенде ең аз он бес күн қалуды ұйғарып жатса, ол кісі уақытша жолаушылық үкімінен шыққан болып, намаздарын қысқартпай толық оқиды. Оның тұрақтаған мекені «уәтануль иқама» яғни, «уақытша тұрақтаған мекен» үкімін алады.

Енді "он бес күн" дегенге дәлел келтірер болсақ, Имам Тирмизидің хадистер жинағында орын алған риуаятта сахаба Абдулла ибн Омар былай деген:

من اقام خمسة عشر يوما اتمّ الصلاة

Оның мағынасы: «Кім он бес күн тұрақтайтын болса, намазды толықтай оқиды»[1]. 

Имам Ағзам Әбу Ханифаның жеткізген риуаятында аталмыш сахабаның былай деген де сөзі бар:

«Егер жолаушы кезіңде бір жерді өзіңе он бес күн мекен етуді ұйғарсаң намазыңды толық оқы. Ал, егер қанша күн қалатыныңды білмесең намазды қысқартып оқы»[2].

Бұнымен қатар, сахаба Абдулла ибн Аббастың және Абдулла ибн Омардың былай дегендері де риуаят етіледі:

«Жолаушы кезіңде әлдебір елді мекенге келіп, көкейіңде сол жерде оң бес түн қалуды ұйғарып жатсаң, онда сол жерде намаздарыңды толық оқы. Бірақ, қашан  кететінің белгісіз болса, онда намазды қысқартып оқы» - дей келе[3], жолаушы кісі қандай да бір елді мекенде он бес күн не одан көп уақыт қалуды ниет еткен жағдайда намазын толық оқитындығын, ал, қанша күн қалатыны белгісіз болса, онда намазын қысқартып оқитындығын айтып отыр.

«Қанша күн қалатыны белгісіз болса...» деуімнің себебі: Әзіреті Абдулла ибн Омардың айтуынша мұсылмандар Әзірбайжан жерінде болғанда жолды қар басып, мұсылмандар "әне кетем, міне кетем" деп кете алмай, ақыры алты айдай уақыт өткенде бір-ақ кетіпті. Осы уақыт ішінде сахабалар намаздарын қысқартып оқыған[4].  

Жоғарыда келтірілген сахаба сөздері хадис ретінде қабыл етіледі. Неге десеңіз, Пайғамбардан (с.а.у.) көргендері болмаса, олар құлшылыққа қатысты мөлшерді (он бес күн) өз ойларымен нақты бекітпес еді. Сүйенген дәлелдері болғандықтан осындай тоқтамға келіп отыр. Ендеше, жолаушыға қатысты он бес күн мәселесін дәлелсіз деу бекер сөз. 


[1] Имам Тирмизи: Сүнән "әбуәбус сафар". №548 хадис.
[2] Имам Тахауи: әл-Әсәр.
[3] Имам Зайлаъи: Насбур риуая.
[4] Имам Байхақи: Маърифатус сүнән уәл әсәр.

Абдусамат Қасым