Кесар тілігі операциясынан (кесарева сечение) кейінгі қан нифас қаны ма?
Кесар тілігі операциясынан (кесарева сечение) кейінгі қан нифас қаны ма?
7 жыл бұрын 7002

Әссәләмуғалейкум! Ота жасау арқылы босанға әйелдің нифас күні қанша күн? Егер қырық күннен кейін қоңыр түсті зат көрсе, бірақ, көп болмаса, ол әйел намаз оқи ма? Ораза ұстай ма? Қырық күннен кейін күйеуімен қосылуға бола ма? Алла разы болсын. Анон.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Аяғы ауыр әйел кесар тілігі операциясы арқылы босанған жағдайда, жатыр жолы арқылы сыртқа шыққан қанды нифас қаны деп есептеп, осыған орай, нифас үкімдерін назарға алады[1].   

Сондықтан, қан қырық күн не одан аз уақытта тоқтаса (мысалы, бір күннен кейін), ғұсыл құйынып, намазын оқиды. Өйткені, нифас қанының ең көп келетін уақыты - қырық күн, ал ең аз келу уақыты - шектеусіз (бір күннен кейін де тоқтауы мүмкін).

Нифастың тоқтағандығының белгісі - құрғақтық яки ақ түстес сұйықтықтың келуі. Осы екі белгінің бірі байқалған жағдайда нифас қаны тоқтағанға есептеледі.

Ал, қан жатыр жолы арқылы емес қарыннан шықса, ол нифас қаны емес, жарақат қаны ретінде саналады.

Ендеше, сұрақтағы операциядан кейін қырық күн өтіп барып көрінген дымқылдық - нифас қаны емес деуге негіз бар. Себебі, қырық күннен кейін көрінген қан үзір қаны үкімінде. Сондай-ақ, оны хайыз ретінде де есептеуге келмейді. Өйткені, «хайыз қаны» деуіміз үшін ең аз үш күн келуі керек. Сондықтан да, әйеліңіз ғұсылданып намазын оқып, оразасын ұстайды. Жарақаты себепті шомылу зиян болса, таяммум соғады


[1] Ибн Ғабидин: Мәжмуъатур расаиль – 1/82 бет. 

Абдусамат Қасым